Алдыңғы дөңгелек алға сүйресе...

1347

Тәжікстан астанасы Душанбеде өтіп жатқан Азия чемпионатының кезекті жарыс күні ел қоржыны тағы да медальдармен толықты.

Алдыңғы дөңгелек алға сүйресе...

Бұл жолы 23 жасқа дейінгі шабандоздар арасында өткен сайыста спортшыларымыз жеңіс тұғырына көтерілді. Astana Qazaqstan Team командасының өкілі Глеб Брусенский алтын медаль жеңіп алса, Astana Qazaqstan Team командасынан Даниил Пронский күміс, Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың ұлы Николя Винокуров қола жүлдегер атанды.

Пелотон көшбасшыларды қуып жеткеннен кейін Брусенский, Пронский және Винокуров жойқын шабуыл жасап, негізгі топтан тез арада айқын басымдылыққа ие болды. Үш шабандоз бір-біріне көмектесе отырып, мәреге он шақырым қалғанда негізгі топтан басымдықтарын бес минутқа дейін арттырып, Қазақстан құрамасының қоржынын үш медальмен қамтамасыз етті.

"Бүгін біз мықты жарыс өткізуге бел будық және үш медальді де жеңіп алуға тырыстық. Жарыс бастала салысымен көшьасшылықты өз қолымызға алдық. Алға озғандардың ізіне түсіп, қарсыластардың шабуылдарын бақылауға алдық. Өркен Сламжанов керемет өнер көрсетіп, бізге алға озғандарды бақылауда ұстауға көмектесті. Асуға шамамен үш шақырым қалғанда біз шабуылға шықты және бұл нәтиже берді. Артымыздан келе жатқан ешкім болмады. Иә, бұл біз үшін тамаша күн болды, бәрі жоспар бойынша өтті. Маусым мен үшін өте жақсы басталмағанымен, енді міне, алтын жүлде ұтып алғаныма қуаныштымын", – деді Брусенский.

Команда күні бойы тамаша жұмыс істеді. Ал негізгі асуға бастар жолда жігіттер шабуыл жасау үшін тамаша сәтті пайдаланды. Алдымен Глеб пен Даниил жол бастады. Содан кейін шыңға жақындап, мәреге 70 шақырым қалғанда, олардың қатарына Николя қосылды. Иә, мәре сызығына әлі де алыс еді, бірақ жігіттер мойыған жоқ. Соңына дейін күресті.

"Мен осы жарыстағы біздің команданың нәтижесін мақтан тұтамын. Ертең элиталық топтық жарыста бар күшімізді салуға тырысамыз. Бұл қиын сынақ болады. Бірақ біз жеңіс үшін күресеміз!", – деп қоса кетті Astana Qazaqstan Team командасының бас менеджері және ҚВСФ вице-президенті Александр Винокуров.

Сондай-ақ ұзақтығы 111 шақырымға созылған топтық жарыста өнер көрсеткен жасөспірімдер де көзге түсті. Максим Тараскин құрлық біріншілігінің күмісін, ал Илья Карабутов қола медаль жеңіп алды. Игорь Житниковский мәреге бесінші, Алексей Ваганов сегізінші келді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу