Алекс Аренбуру "Бургос Вуэльтасының" алғашқы кезеңінде 4-орын иеленді

1485

"Астана" шабандоздары Испанияда өтіп жатқан көпкүндікте сәтті өнер көрсетуде. 

Алекс Аренбуру "Бургос Вуэльтасының" алғашқы кезеңінде 4-орын иеленді

"Астана Про Тим" велокомандасының өкілі Алекс Аранбуру "Бургос Вуэльтасының" алғашқы кезеңін жақсы нәтижемен аяқтап, Бургостың орта ғасырда салынған тарихи орталығында өте жылдам әрі қарқынды өткен финалда 4-орынға ие болды.

- Кезең барысында қатты жел соғып, көптеген шабандоздар жарыс жолында құлап жатты. Жалпы, көпкүндіктің алғашқы күні өзімді жақсы сезіндім. Бүгінгі финалда ең бастысы ол асу алдындағы позиция болды. Шамамен финишке 2,5 шақырым қалғанда техникалық ақау пайда болып, нәтижесінде дұрыс позицияға орналаса алмадым. Дегенмен, спринтті жақсы өткіздім. Алдыңғы қатарда болғаныммен, мәреге төртінші болып келдім, - деді жарыстан соң Алекс Аранбуру.

Бес айға созылған карантиннен кейін 2020-жылғы велосипед маусымы атақты "Бургос Вуэльтасы" көпкүндігімен қайта жалғасын тапты. Бүгін пелотон барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, маусымның жалғасын Бургос қаласынан бастады.

Мирадор дель Кастийоға дейін 157 шақырымға созылған кезең өте жылдам өтті. Сонымен қатар шабандоздар қақтығысы орын алып, сайыс барысында эшелондар құруға талпынды. Алға озған шабандоздарды негізгі топ қуып жеткеннен кейін пелотонда шабуылдар үдей бастады. Алайда бұл шабуылдарға пелотон қайта-қайта тосқауыл қойып отырды. Осылайша негізгі топ финалдық асуға толық құраммен келіп, алғашқы кезеңнің тағдыры тауға қарай апаратын жолда, яғни спринтте шешілді.

- Алғашқы жарыс күні, әрине, жүйкемізді жұқартты деуге болады. Шабандоздар үлкен үзілістен кейін жарыс жолына алғаш рет шығып отыр. Сондықтан командалардың барлығы дерлік өздерін көрсетуге тырысты. Сайыс барысында қақтығыстар орын алды. Бірақ, қуанышқа орай біздің шабандоздар құлаған жоқ. Жел қатты соққандықтан, қауіпті сәттер көп болды. Бірнеше команда эшелон құруға тырысты. Алайда біз мұқият болдық. Сол себепті ешқандай кедергі болмады. Финалда көшбасшылар тобында біздің үш шабандозымыз Аранбуру, Родригес және Контрерас алдыңғы шепте болды. Жігіттер спринт алдында Алекске көмектесті. Бірақ ол позиция таңдауда қателесті. Оған қарамастан  Аранбуру 4-орынға ие болды. Командамыз үшін сайыстың алғашқы күні жаман өткен жоқ. Енді одан әрі алға жылжимыз, - деді Астана  Про Тимнің спорттық директоры Стефано Занини.

Ертең "Бургос Вуэльтасы" екінші кезеңмен жалғасын табады.  Кастрохеристен басталатын жарыс жолы 168 шақырымнан кейін Вийядиегода мәресіне жетпек. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу