Александр Бублик: "Алдағы ойындардың бірінде міндетті түрде жеңіске жетемін деп ойлаймын"

1617

Александр Бублик қазіргі таңда Әлемдік рейтингте 44-орынға жайғасты.

Александр Бублик: "Алдағы ойындардың бірінде міндетті түрде жеңіске жетемін деп ойлаймын"

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик эксклюзивті сұхбатында Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметінің сұрақтарына жауап берді.

- Александр, біз сізді Сингапурдегі турнирдің финалына шығуыңызбен құттықтаймыз. Ойынды қорытындылай кетсеңіз.

- Өткен аптаны бірқалыпты өткіздім. Жеңемін деп ойлаған қарсыластарымды жеңдім. Финалда жеңіске жетемін деп ойладым. Бірақ Алексей жақсы ойын  көрсетті. Сол күні ол менен мықты болып шықты. Мен үшін және менің командам үшін шешуші матчқа дейін жеткеніміз таңсық нәрсе емес. Сондықтан жұмысты жалғастырып, одан әрі жоғары нәтижелерге қол жеткізуге тырысамыз.

- Биыл сіз үздік 10-дық ойыншыларының екеуін жеңдіңіз. Мұның сыры неде?

- Зверев, Берреттинилермен бірге қатар өстім және мен оларға Джокович, Надаль немесе Федерерге қарсы ойнағаннан гөрі басқаша қараймын. Психологиялық тұрғыдан өмір бойы таныс адамдармен ойнау әлдеқайда оңай. Мен өзімнің деңгейімді көрсетуге тырыстым. Кейбір матчтарда жолым болған шығар, ал қалған матчтарда мен қарсыластарымнан мықты болдым.
- Роттердамда Зверевті жеңдіңіз. Бастапқыда сіз кортқа танымал қарсыласты жеңе алатыныңызға сенімді болып шықтыңыз ба, әлде бәрі өздігінен, күтпеген жерден болды ма?

Мен дүйсенбіде Сингапурдан таңғы 8-де ұшып келдім. Финалдық ойыннан кейін түні бойы ұштық. Жай ғана кортқа шығып, тек ойнау керек еді. Міне, осылай болды. Белгілі бір жоспарым болған жоқ. Кортта өз ойынымды көрсетіп, жеңіске жеттім.

- Жақында ғана қол жеткізген тамаша жеңістеріңізден кейін сіз өзіңізге әлемдік рейтингтің алғашқы ондығына кіруді нақты мақсат етіп отырсыз ба?

- Рейтингке келетін болсақ, мен өзіме мақсат қоймаймын. Егер сәтті өнер көрсетіп жатсам, онда табысқа жетуге болады. Егер олай болмаса, онда ол мақсат орындалмайды. Рейтингке деген көзқарасым өте байсалды.

- Сіздің осындай тамаша талантыңызбен және керемет ойын мәнеріңізбен осы маусымдағы алғашқы титулды иеленуге қазіргі таңда не кедергі?

Бәлкім, басқалар сияқты сәттілік қажет болар. Менің финалдардың барлығында жеңіске жетуге мүмкіндігім болған жоқ. Барлық жарыстарда алғашында қарсыластарыммен 50-50 ойнадым. Содан кейін Изнерден ұтылдым. Сингапурде Алексеймен матч барысында дәл солай болды. Қалай болғанда да бірінші сетте теңдікті ұстап тұрдым. Содан кейін ол өте жақсы ойнады. Мүмкін, жеңіске жету үшін уақыт пен әлі біраз финалда өнер көрсетуім керек шығар және олардың бірнешеуін міндетті түрде жеңемін деп үміттенемін. Осыған дейін бұл туралы ойлаған емеспін және ешқандай мән берген жоқпын. Мен 9-10 финалда қарсыластарына жол беріп, содан кейін ғана жеңіске жеткен теннисшілерді білемін. Алдағы ойындардың бірінде міндетті түрде жеңіске жетемін деп ойлаймын.

- Команда сізге турнирлерде қалай қолдау көрсетеді?

- Жақсы! Маған ерекше қолдаудың қажеті жоқ. Өйткені мен тенниске бірқалыпты қараймын. Өзіме қандай да бір ауқымды мақсат қойған жоқпын. Мен мұны жұмыс ретінде әрі ақша табудың әдісі ретінде ғана қарастырамын.

- Әлеуметтік желілерге көзқарасыңыз қалай? Матч алдында көңіл-күйіңізге әсер ете ме? Сәтті өткен матчтан кейін пікірлерді қарайсыз ба?

- Әлеуметтік желілерге деген көзқарасым нашар, маған ұнамайды. Біз ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқандықтан, барлығы әлеуметтік желілерге байланысты. Мен оларды жарнамалық келісім-шарттар, имидж үшін және демеушілер алдындағы міндеттемелер үшін пайдаланамын. Осылардың барлығы қажет болмаса, онда пайдаланбас едім. Егер тек кнопкалы телефон болса, мен сондай телефонмен жүрер едім. Менің телефонымда инстаграм да жоқ. Қолым босаған кезде қалыңдығымның телефонын қолданамын, кейде қызықты ақпараттар оқимын.

- Бүкіл әлемде Халықаралық әйелдер күні аталып өтті. Нәзік жандыларға тілегіңіз қандай?

- Денсаулық, бақыт тілеймін және әрдайым әдемі болып қала беріңіздер!

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу