Александр Бублик алғаш рет Майами турнирінің ширек финалына шықты

1022

Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Александр Бублик Майами ATP 1000 турнирінің ширек финалына шықты. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Александр Бублик алғаш рет Майами турнирінің ширек финалына шықты

Александр Бублик төртінші айналымда әлемнің 32-інші, осы жарыстың 22-ракеткасы Тейлор Фрицпен кездесті. Қос теннисші 23 жаста. Бұған дейін екі мәрте өзара кездесіп, екеуінде де қазақстандық теннисші жеңіске жеткен. Бірінші партия қарсыластардың брейк алмасуымен басталды. Содан кейін Бублик 3:1 есебімен алға шыққанымен, Фриц таразы басын теңестірді. Тай-брейкте америкалық теннисші азырақ қателесті – 7:6 (7:5).

Екінші сетте Бублик брейкпен алға кетті – 4:2. Сосын төртінші сетболын пайдалана алды – 6:3. Үшінші, шешуші партияда есеп 2:2 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасай білді. Тағы бір брейк – 5:2. Бұдан кейін америкалық теннисші есепті қысқартқанымен, А.Бублик екінші рет матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:4. Тартысты бәсеке 2 сағат 12 минутқа созылды. Матч барысында Бублик 23 рет эйс жасады.
Осылайша қазақстандық теннисші өз спорттық жолында алғаш рет "Үлкен дулыға" турнирлерінен кейінгі ең беделді жарыс саналатын мастерс додасының ширек финалына шықты. А.Бублик жүлде қоры 3,34 млн АҚШ долларына бағаланған Майами додасының жартылай финалына шығу үшін әлемнің 31-ракеткасы, италиялық Янник Синнермен таласады.

Сонымен қатар Денис Евсеев Португалияның Оэйраше қаласында өткен ATP Challenger турнирінің негізгі қатысушылар тізіміне өтті. Іріктеу кезеңінің финалында қазақстандық теннисші португалиялық Педро Араужумен кездесіп, 6: 2, 6: 2 есебімен айқын жеңіске жетті. Ең мықтыны анықтау үшін спортшыларға 1 сағат 5 минут қажет болды. Денис (әлемдік рейтингтің 388-ракеткасы) бір рет қателік жіберіп, бір эйс жасап, қарсыласының алты ойынын алды. Енді Евсеев турнирдің бірінші айналымында Португалияның тағы бір өкілі Гонсало Оливейрамен кездеседі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу