Александр Бублик екі дүркін Олимпиада чемпионын жеңді

1289

Энди Маррей Роджер Федерер, Рафаэль Надаль және Новак Джоковичпен қатар "Ұлы төрт теннисшінің" қатарында. Сонымен қатар Маррей әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, ерлер арасында екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған жалғыз теннисші. 

Александр Бублик екі дүркін Олимпиада чемпионын жеңді

Қазақстанның бірінші, әлемнің 33-ракеткасы Александр Бублик Индиан-Уэллс мастерс турнирінің үшінші айналымына шықты. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі хабарлады.

Жүлде қоры 8,5 АҚШ долларынан асатын жарыстың 31-ракеткасы болып тіркелген Бублик доданы екінші айналымнан бастап, кезінде рейтингте көш бастаған "Үлкен дулыға" турнирінің үш мәрте, екі дүркін Олимпиада чемпионы, ұлыбританиялық Энди Марреймен кездесті. Биыл Бублик Роттердамда Маррейден жеңіліп қалған болатын. Бұл жолы екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық теннисші қазіргі кезде рейтингте 88-орында тұрған атақты қарсыласын 7:6 (11:9), 6:3 есебімен ұтты. Александр матч барысында 11 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Маррей 4 эйспен шектелді.

Осылайша, Александр Бублик әлемге әйгілі қарсыласынан ақпан айында Роттердамда өткен турнирде жеңілгені үшін есе қайтарды. Теннисшілер арасындағы кездесулердің есебі "Үлкен дулыға" турнирінің үш дүркін жеңімпазы Маррейдің пайдасына 2:1 болды. Енді Бублик үшінші айналымда 16 наурыз күні әлемнің 35-ракеткасы, болгариялық Григор Димитровпен кездеседі. Ол рейтингте 78-сатыдағы аустралиялық Джордан Томпсонмен өткен матчтың жеңімпазы атанды.

Айта кетейік, тағы бір қазақстандық теннисші – Елена Рыбакина да Индиан-Уэллс корттарында өнер көрсетуде. Ол 14-нен 15-не қараған түні сағат 4:00-де беларуссиялық Виктория Азаренкомен кездеседі. Әлемдік рейтингте 15-орында тұрған 32 жастағы Виктория Азаренко өткен жылы Indian Wells турнирінің финалына дейін жеткен болатын.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу