16-22 қазаны аралығында 28 теннисшінің қатысуымен Бельгияның Антверпен қаласында ATP 250 турнирі European Open өтуде. Бүгін аталмыш жарыста Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик жұптық сында алғашқы кездесуін өткізді. 1/8 финал аясында қазақстандық теннисші ресейлік Александр Шевченкомен бірге жергілікті теннисшілер Микаэль Гиртц - Готье Онклин жұбына қарсы ойнады. Екі сетке созылған кездесуде Бублик пен Шевченко 7:6, 4:6, 12:10 есебімен жеңіске жетті. Ойын бір сағат 30 минутқа созылды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта ATP (Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы) рейтингінің жұптық санатында 26 жастағы қазақстандық теннисші 250-ші орында тұр.
Сондай-ақ Бублик жекелей сында да өнер көрсетеді. Антверпенде өтіп жатқан ерлер арасындағы жарыста жекелей сында сайысқа түсетін теннисшілердің есімдері белгілі. Рейтингтерінің жоғары болуына байланысты Стефанос Циципас (Грекия), Ян-Леннард Штруфф (Германия), Александр Бублик (Қазақстан) және Артур Фис (Франция) жарысты бірден екінші айналымнан бастайды.
Әлемнің 26-шы ракеткасы Себастьян Корданың (АҚШ) орнын басқан венгриялық теннисші Фабиан Марожан (әлемнің 91-ші ракеткасы) бірінші айналымда Перу өкілі Хуан Пабло Варилласпен (АТР-да 65-орын) ойнайды. Александр Шевченконың турнирдегі қарсыласы әзірге белгісіз. Ресейлік теннисші іріктеу кезеңінің жеңімпазымен кездеседі.
Ал италиялық теннисші, әлемнің төртінші ракеткасы Янник Синнер турнирге қатыспайды. Азиялық турдан кейін спортшы бірнеше күн демалуды жөн санаған. Бейжіңде титулды жеңіп алып, Шанхайда 1/8 финалға дейін жетті. Италиялық ATP финалдық турниріне жолдама алып, мансабында ең жақсы рейтингке көтерілген Янник Бельгиядағы турнирге қатысудан бас тартты.