Париждегі “Үлкен дулыға” турнирінің ширек финалында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик әлемнің 1-ракеткасы Янник Синнерге қарсы ойнады. Өкінішке қарай, Бублик италиялық теннисшіге қарсы матчта жеңіліп қалды – 1:6, 5:7, 0:6.
Дегенмен бұл нәтиже сәтсіздік емес, Қазақстан теннисі үшін тарихи жетістік. Өйткені Александр Бублик ерлер арасында “Үлкен дулыға” турнирінің ширек финалына шыққан тұңғыш қазақстандық теннисші атанды. Бұған дейін бірде-бір отандасымыз мұндай деңгейге жеткен емес.
Осы табысы үшін Бублик 440 мың еуро табыс тапты. Сонымен қатар, ATP рейтингінде бірден 19 сатыға жоғарылап, дүйсенбіде жарияланатын жаңа тізім бойынша әлемнің 43-ракеткасы атанбақ.
Бубликтің “Ролан Гаррос 2025”-тегі барлық матчтары:
1-раунд: Джеймс Дакворт (Аустралия, №92) – 6:2, 6:4, 6:4
2-раунд: Алекс Де Минаур (Аустралия, №9) – 2:6, 2:6, 6:4, 6:3, 6:2
3-раунд: Эрнесто Роша (Португалия, №200) – 7:5, 6:1, 6:2
4-раунд: Джек Дрейпер (Ұлыбритания, №5) – 5:7, 6:3, 6:2, 6:4
Ширек финал: Янник Синнер (Италия, №1) – 1:6, 5:7, 0:6
Топырақ төсенішті кортта өтіп жатқан “Ролан Гаррос” турнирі аяқталған соң, теннис маусымы шөп жабындысындағы турнирлермен жалғасады. Келесі басты жарыс – Уимблдон 2025. Аталмыш турнир 30 маусым мен 13 шілде аралығында өтеді. Александр Бублик пен Қазақстанның өзге де теннисшілері енді осы беделді турнирге дайындықты бастайды.