Александр Бублик хорватиялық теннисшіге есе жіберді

951

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Италия астанасы Римде өтіп жатқан Internazionali BNL d'Italia "Мастерс" турнирінің бірінші айналымында хорватиялық Марин Чиличке есе жіберді.

Александр Бублик хорватиялық теннисшіге есе жіберді

Александр алғашқы сетті өз еншісіне жазды - 6: 4. Бірақ келесі екі кезеңде қарсыласына 2: 6, 3: 6 есебімен жеңіліп қалды. 1 сағат 43 минутқа созылған матчта Бублик бір брейк-пойнтты сәтті орындап, алты рет қателік жіберді. Оның қарсыласы Чилич 17 эйс жасап, екі рет қате жіберіп, жеті брейк-пойнттың үшеуін орындады. Жеке кездесулер бойынша есеп хорватиялық теннисшінің пайдасына 2: 0 есебімен аяқталды.

Дегенмен, биылғы маусымда Александр Бублик нәтижелі өнер көрсетуде. Өйткені жерлесіміз таяуда ғана Кәсіпқой теннис қауымдастығы (ATP) жариялаған рейтинг бойынша төрт саты жоғары көтеріліп, қазіргі таңда әлемдік рейтингте 40-сатыға жайғасты. Бұл Александр Бубликтың спорттық мансабындағы ең үздік көрсеткіш.

Сонымен қатар Қазақстанның бірінші ракеткасы биылғы маусымда өткен ATP-турлардағы эйстер саны бойынша жалпы 365 эйс жасап, көш бастап тур. Ал 234 эйс жасаған аустралиялық Алексей Попырин екінші сатыға жайғасты.

Сондай-ақ Римде өтіп жатқан турнирге тағы бір қазақстандық теннисші Юлия Путинцева да қатысқан болатын. Өкінішке орай әлемнің 34-ракеткасы Юлия Путинцева әлемнің 35-ракеткасы америкалық Кори Гоффқа алғашқы айналымда 5:7, 6:4, 4:6 есебімен жол берді.

2 сағат 57 минутқа созылған кездесуде 26 жасар Путинцева бір эйс жасап, допты ойынға қосу барысында алты рет қателесті және жеті брейк-пойнт орындады. Ал 17 жасар Гофф екі рет қателесті және сегіз брейк-пойнтты сәтті орындады. Бұл екі теннисші арасындағы алғашқы кездесу болатын.

Ал жұптық сында жапондық Макото Ниномимен бірге өнер көрсеткен қазақстандық Ярослава Шведова да алғашқы айналымда сүрінді. Олардың қарсыластары чехиялық Люсия Градекка мен германиялық Лаура Зигемунд болды. Олар бес рет қателік жіберіп, төрт брейк-пойнт жасады. Ниноми мен Шведова жұбы үш рет екі қате кетелесіп, төрт брейк-пойнт жасады. Кездесу 4: 6, 7: 5, 7:10 есебімен еуропалық теннисшілердің пайдасына аяқталды.

Осылайша қазақстандық теннисшілер үшін Internazionali BNL d'Italia "Мастерс" турнирі бірінші айналымнан кейін аяқталды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу