Әлемдік рейтингте 19-орында тұрған Александр Бублик 21 қыркүйек күні Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ATP-250 турнирінің жартылай финалына шықты.
1/4 финалда Бублик Чехия спортшысы Далибор Сврчинаны 6:1, 6:1 есебімен жеңді. Кездесу небәрі 53 минутқа созылды.
Осы уақыт ішінде қазақстандық теннисші алты эйс орындап, бір қос қате жіберді және он екі брейк-пойнттың бесеуін сәтті іске асырды. Ал қарсыласы бірде-бір эйс жасай алмай, бір қос қате жіберді және жалғыз брейк-пойнтын да пайдалана алмады.
Жартылай финалда Бублик сенсация жасап, ресейлік Даниил Медведевті турнирден шығарған қытайлық У Ибинмен кездеседі – 5:7, 7:6 (7:5), 6:4.
Жартылай финалдық матч бүгін Қазақстан уақытымен 16.30-да Ханчжоудағы орталық кортта басталады.
Сондай-ақ тағы бір қазақстандық теннисші Александр Шевченко Чэнду турнирінің жартылай финалына жолдама алды. Ол жапониялық Таро Даниэльді 7:6, 3:6, 6:2 есебімен жеңді. Келесі қарсыласы – әлемнің 9-ракеткасы Лоренцо Музетти.