Александр Бублик: "Мен қазақпын"

1770

Қазақстандық теннисші Александр Бублик азаматтығын өзгерту туралы шешімі мен ұлттық құрамадағы мүмкіндіктері туралы Eurosport.de басылымына берген сұхбатында айтты.

Александр Бублик: "Мен қазақпын"

Бұған дейін Бублик еліміздің құрамасына Дэвис кубогінің финалдық кезеңіне шығуға көмектескен еді. Енді ол өзінің болашағы туралы әңгімеледі.

"Менде енді Ресей төлқұжаты жоқ. Себебі екі елдің азаматтығын қатар алуға болмайды. Ресей теннис федерациясына да ешқандай қатысым жоқ. Мен қазақпын. Осы елде алты жылға жуық ойнадым. Дэвис кубогінде, Азия ойындарында немесе Олимпиада ойындарында Қазақстанның атынан өнер көрсететінімді мақтан тұтамын", – деді еліміздің бірінші ракеткасы өз сұхбатында.

Ұлыбританияның лаун-теннис қауымдастығы (LTA) ресейліктер мен белорустарға Уимблдон-2022 және басқа да турнирлерге қатысуға тыйым салды. Бублик осы шешімге қатысты пікір білдірді.

"Бұл шешім дұрыс па, жоқ па, сынға алғым келмейді. Бірақ өз ойымды айта кетейін. Бұл үкімет пен ұйымдастырушылардың шешімі. Олардың мұндай шешім шығаруға құқығы бар. Спортты саясатпен шамадан тыс араластырмау керек. Спорт – теледидар алдында демалып, сүйікті ойыншыңызды немесе командаңызды тамашалап отыру үшін қажет. Осы тұрғыдан алғанда жанкүйерлерді шектеп жатқаны өкінішті", – дейді Александр Бублик.

Александр Бублик Ресейде Ленинград облысында дүниеге келген. Бірақ 2017 жылдан бері Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүр.

Айта кетейік, Бублик соңғы рет 20 сәуір күні Барселона ашық чемпионатына қатысқан болатын. Ол 1/16 финалда финляндиялық Эмиль Русувууоримен кездесіп, 3:6, 1:6 есебімен қарсыласына жол берді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу