Александр Бублик Open Sud de France турнирінің ширек финалына шықты

1774

Бублик жартылай финалға шығу үшін әлемнің 19-ыншы, осы доданың 2-ракеткасы, испаниялық Роберто Баутиста-Агутпен кездеседі.

Александр Бублик Open Sud de France турнирінің ширек финалына шықты

Осы жарыстың 6-ракеткасы болып тіркелген А. Бублик екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 113-сатыда тұрған франциялық Пьер-Юг Эрбермен күш сынасты. Бірінші партияда екі брейк жасаған қазақстандық теннисші басымдылық танытты – 6:3. Екінші сетте қарсыластар брейк алмасып, тай-брейкте Эрбердің асығы алшысынан түсті – 7:6 (7:2). Үшінші, шешуші партияны А. Бублик брейкпен бастады – 2:0. Тағы бір брейк – 5:2. Содан кейін матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:2. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында қазақстандық спортшы 11 эйс жасап, 14 брейк-пойнттың алтауын өз есебіне жазды. Қарсыласы 7 эйс, 2 брейктен (7 брейк-пойнт) аса алған жоқ. Бублик жартылай финалға шығу үшін әлемнің 19-ыншы, осы доданың 2-ракеткасы, испаниялық Роберто Баутиста-Агутпен кездеседі.

Сондай-ақ Елена Рыбакина мен Юлия Путинцеваның Санкт-Петербургтегі беделді St. Petersburg Ladies Trophy турниріне қатысатыны белгілі болды. Халықаралық жарыс 7-13 ақпан аралығында Санкт-Петербургте Сибур-Аренада өтеді. Аталған турнир биыл жетінші мәрте ұйымдастырылуда.

Еліміздің ең үздік теннисшілері халықаралық турнирлерде өнер көрсетуін жалғастырса, бірқатар жас теннисшілер еліміздің қысқы чемпионатында бақ сынайтын болды. 14 ақпан мен 18 ақпан аралығында Қазақстанның қысқы чемпионаты өтеді. Елорда корттарына республиканың барлық аймақтарынан ең мықты спортшылар жиналады. Денис Евсеев, Бейбіт Жукаев, Григорий Ломакин, Максим Батютенко, Никита Сидоров, Ерасыл Ерділдә, Жібек Құламбаева, Гозал Айнитдинова, Дана Байдәулет, Сандуғаш Кенжібаева, Мария Синицына, Іңкәр Дүйсебай, апалы-сіңлілі Арыстанбековалар, апалы-сіңлілі Рустемовалар және т.б. бірқатар теннисшілер турнирге қатысатындарын растады.

Жеңіске жеткен спортшылар қаржылай сыйақыға ие болады. Жекелей сында бірінші орын алған теннисшіге 7 000 доллар, екінші орын 5 000 доллар, үшінші орын 3 000 доллар, ал жұптық сайыстың чемпиондары 3 000 және финалға шыққандар 1 500 доллар алады.

Қазақстан чемпионаты – еліміздегі ең беделді турнирлердің бірі. Бірінші және екінші орын иегерлеріне "Қазақстан Республикасының спорт шебері", ал 3-8 орын алған ойыншыларға "Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер" атағы беріледі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу