Александр Бублик Rotterdam open турнирін жеңіспен бастады

1269

Александр бұл жарыста жекелей және жұптық сайыстар бойынша сынға түсуде.

Александр Бублик Rotterdam open турнирін жеңіспен бастады

Қазақстанның нөмірі бірінші ракеткасы Александр Бублик Голландияның Роттердам қаласында өтіп жатқан, жүлде қоры бір миллион еуродан асатын ірі турнирді жеңіспен бастады.

Александр Бублик бұл турнирге жекелей және жұптық жарыстарға қатысуға өтініш берді. 8 ақпанда ол ресейлік Аслан Карацевпен бірге жұптық сайыстқа қатысты. Олар алғашқы айналымда Оңтүстік Африка өкілі Рейвен Клаасен мен жапониялық Бен Маклахлан жұбын жеңді.

Жекпе-жек өте тартысты өтті. Қазақстандық-ресейлік жұп үшінші сеттің тай-брейгінде ғана қарсыластарының осал тұсын тауып, нәтижесінде 4:6, 6:4, 11:9 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Александр мен Аслан ATP-500 сериялы турнирнің ширек финалына жолдама алды. Ал бүгін қазақстандық теннисші жекелей жарысқа қатысады. Ол "Үлкен дулығаның" үш дүркін чемпионы британиялық Энди Марреймен кездеседі. 1/16 финалдық матч Роттердамдағы орталық кортта елорда уақытымен түнгі сағат 00:30-да басталады.

Айта кетейік, 7 ақпан күні еліміздің бірінші ракеткасы Францияның Монпелье қаласында өткен ATP 250 сериялы турнирінде жеңіске жеткен болатын. Осы жеңісінің арқасында ол әлемдік рейтингіде 35-тен 31-орынға көтерілді. Бұл оның рекордтық көрсеткіші болып табылады. Осыған дейінгі оның үздік нәтижесі 34-саты болатын.

Сонымен қатар Қазақстанның екінші ракеткасы Михаил Кукушкин Challenger Шербур-Октевиль турнирінің бірінші айналымда жарыстың үшінші ракеткасы болып тіркелген чехиялық Томаш Махачты еш қиындықсыз жеңді. Кукушкинге жеңіске жету үшін бір сағаттан астам ойын уақыты мен екі сет жеткілікті болды. Қорытынды есеп 6:3, 6:2. Енді Михаил турнирдің ширек финалына шығу үшін жарыс қожайыны Констан Лестьенді жеңуі керек.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу