1 сағат 6 минутқа созылған жекпе-жекте әлемнің 34-ші ракеткасы 24 жастағы Александр допты ойынға қосу барысында он рет қателесіп, екі брейк пен 12 эйс жасады. Әлемдік рейтингте 304-ші орында тұрған оның қарсыласы Тюрнев төрт эйс және екі қос қателік жіберді. Бұл теннисшілердің алғашқы кездесуі болды. Александрдың турнирдегі келесі қарсыласы неміс Ян-Леннард Штруфф болмақ.
Ал дәл осы турнирде жұптық сайыста тағы бір қазақстандық Андрей Голубев бірінші айналымда Монако өкілі Уго Ниспен бірге Александр Бублик пен белорусь Илья Ивашка жұбын жеңді. Бұл кездесудің фавориттері сөзсіз Голубев пен Нис болды. Олар 48 минутта екі сетте 6:3, 6:1 есебімен жеңіске жетіп, мықтылықтарын дәлелдеді. Андрей мен Уго ширек финалдағы қарсыластары 27 қазанда Томислав Бркич (Босния және Герцеговина) / Никола Качич (Сербия) және Сантьяго Гонсалес (Мексика) / Андрес Молтени (Аргентина) арасындағы кездесудің жеңімпазы болмақ.
Ал, Брест қаласында (Франция) Челленджер сериялы турнирінде жекелей сында тағы бір қазақстандық Александр Недовесов бірінші айналымда француз Александр Мюллерге есе жіберді – 3:6, 6:3, 6:7. Недовесов осы турнирдегі келесі кездесуін 27 қазанда жұптық сайыстың бірінші айналымында өткізеді. Онда ол украиналық Денис Молчановпен дуэтте үндістандықтар Срирамбала Нараянасвам мен Дивиж Шаранға қарсы ойнайды.
Сондай-ақ St.Petersburg Open турниріне қатысқан Дмитрий Попко іріктеуден өте алмады. Шешуші кездесуде ол финляндиялық теннисшісі Эмиль Руусувуориден 6:7, 4:6 есебімен жеңіліп қалды.
Айта кетейік, аталған қазақстандық теннисшілер Қазақстан ұлттық құрамасының негізі ойыншылары болып табылады. Олардың таяуда Испания астанасы Мадридте өтетін Дэвис кубогінің финалына қатысатыны белгілі болды. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі хабарлады.
Юрий Щукин бастаған бапкерлік құрам шешуші бәсекеде мына ойыншыларға сенім артты. Александр Бублик (әлемнің 34-ракеткасы), Михаил Кукушкин (159-орын), Дмитрий Попко (162-орын), Андрей Голубев (жұптық сында 35-орын), Александр Недовесов (жұптық сында 76-орын). Қазақстан құрамасы В тобында Канада және Швеция теннисшілерімен сынға түседі. 27 қараша күні Қазақстан мен Швеция матчы өтеді. Келесі күні қазақстандықтар 2019 жылы Дэвис кубогінің финалына дейін жеткен Канада құрамасымен кортқа шығады. Дэвис кубогінің финалдық матчтары алғаш рет Инсбрук, Мадрид және Турин қалаларында бір мезгілде өтеді. Жарыста алты топқа бөлінген 18 команда бақ сынайды. Әр топтың жеңімпаздары мен екінші орын алғандар ішінен екі үздік құрама ширек финалға жолдама алады. Жартылай финалға өткендер жүлделі орындар үшін таласумен бірге 2022 жылдың финалдық кезеңіне қатысу құқығына да ие болады. Дэвис кубогі 1900 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Жеңістер жөнінен АҚШ құрамасы (32) алда тұр. Ал осыған дейінгі додада испаниялықтар үздік шыққан болатын.
Ермұхамед Мәулен