Александр Истомин: "Келесі чемпионатта ойнайтындар үшін бұл баға жетпес тәжірибе"

1567

Данияда өтіп жатқан Хоккейден жастар арасындағы әлем чемпионатында, "А" тобының бірінші дивизионында Қазақстан құрамасы Беларусь командасына қарсы ойнады.

Александр Истомин: "Келесі чемпионатта ойнайтындар үшін бұл баға жетпес тәжірибе"

Бірінші кезеңде белорустар екі рет гол соқты. Бұған хоккейшілерімізден Даниил Цыбин бір голмен жауап берді. Ойынның екінші кезеңінде есеп 3:1 болып, Константин Морожников есеп айырмасын қысқартты. Матч тағдыры соңғы жиырма минутта шешілді. Беларусиялық хоккейші гол соғып, 4:2 есебімен жеңіске жетті. Нәтижесінде Қазақстан жоғарғы дивизионға кіру мүмкіндігінен айрылды.

Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері Александр Истомин Беларусьпен өткен ойынды қорытындылай кетті.

"Жеңіліске қарамастан жігіттер жарады. Біз өз ойынымызды соңына дейін көрсетуге тырыстық. Өкінішке орай, кейбір сәттерде дәл осындай деңгейдегі ойындардың тәжірибесі жеткіліксіз болды. Қалай болғанда да біз алға жылжимыз. Барлығы дайындалды. Барлығы бұл ойынның жауапкершілік деңгейін тамаша түсінді. Кейбір сәттерде үлгермей қалып жаттық. Арасында қателіктер де болды. Беларусь құрамасының артықшылығы болды. Жігіттер барын салып ойнады. Кейбіреулерінің жақсы ойнауға мүмкіндіктері болды. Бірақ мен қазір есімдерін атамай-ақ қояйын. Командадағы ойыншылар әлі жас. Бізде 2004 жылғы 6 ойыншы, 2003 жылғы ойыншылар да бар. Келесі чемпионатта ойнайтындар үшін бұл баға жетпес тәжірибе", – деді Истомин.

Сонымен қатар кездесуге қатысты Қазақстан жастар құрамасының қорғаушысы Владислав Комаров та пікір білдірді.

"Қақпашымыз Максим Павленконың ойынын ерекше атап өткім келеді. Ол бізге көп көмектесті. Көптеген соққыларды қайтарып, қолдан келгеннің бәрін жасады. Енді командамен ойынды талқылап, кемшіліктерді анықтаймыз. Иә, қарсыластар шабуылын тоқтатпады. Мүмкін біз мұндай қарқынды ойынға дайын болмаған шығармыз. Бізге бұл туралы ескертілді. Әркім өз жұмысын біледі және орындайды. Ертең жаттығу жасаймыз және латвиялықтарға қарсы ойынға дайындаламыз", – деді Владислав Комаров.

Осылайша, Қазақстан "А" тобында екінші рет жеңіліп, алты ұпаймен төртінші орында қалды және жоғары дивизионға жолдама алу мүмкіндігінен айрылды. Беларустар өз кезегінде төртінші жеңісіне қол жеткізіп, топта көшбасшылығын сақтап қалды. 18 желтоқсанда Беларусия Норвегиямен кездессе, 18-інен 19 желтоқсанға қараған түні Қазақстан Латвиямен ойнайды. Топ жеңімпазы элиталық дивизионға жолдама алады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу