Александр Кузнецов: Мақсатымыз қараша айына дейін сапалы команда жасақтау

2071

Қазақстан U-17 құрама командасы Минск қаласында өтетін "Развития кубогы" жарысына қатысады. Осы орайда құрама команданың бапкерімен сұқбаттастық.

Александр Кузнецов: Мақсатымыз қараша айына дейін сапалы команда жасақтау

- Команда қазір түгел жасақталып, Нұр-Сұлтан қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Біз сұраған футболшыларын жіберген клубтарға алғыс айтқымыз келеді. Ертең бір ойын өткізген соң жиынымызды қорытындылай бастаймыз. Алайда бірден айта кетейін, командамызға 14 футболшы келмей қалды. Оның себептері көп. Біреуінде жарақат, біреуін клуб жібермеді деген секілді. Әйтпесе, Әли деген ойыншымыз қазір "Галатасарайда", Валерий Вальмери Испанияда, ал Ақжол Абдырахманов болса Португалияда жүр. Олардың өздерінің біріншіліктері өтіп жатыр. ФИФА-ның белгілеген күндері болмаса біз ол ойыншыларды шақыра алмаймыз.

- Сондай-ақ, "Қайрат" командасының да бірнеше ойыншысы келмеген секілді ғой.

- Иә, оныңыз рас. "Қайрат" командасы бірнеше ойыншысын жібермеді. Себебі 2005 жылғы жастары негізгі командасына керек екен. Олар бапкерлердің бақылауында болады. Дегенмен "Қайрат" академиясынан 2006 жылғы бірнеше ойыншы алып отырмыз. Жалпы біздің команда 2006 жылғы жастардан құралған. Біз болашақта осы жастарға сенім артамыз. Ал қазір бара жатқан жарысымыз 2005 жылғылардың арасында өтеді. Сондықтан да, жанкүйерлерден сұрайтыным жеңілсек жерден алып, жерге салмаңыздар. Футболға енді аяқ басып келе жатқан жасөспірімдерге ол ауыр соққы болуы мүмкін.

- Құрамаға келген ойыншыларға көңіліңіз тола ма?

- Футболшылардың функционалды дайындығы нашар секілді. Себебі олар елдегі жағдайға байланысты жаттығу жұмыстарын жүргізбеген. Соның салдары қазір әсер етіп отыр. Алайда біздің басты мақсатымыз қараша айында басталатын іріктеу жарысы. Соған дейін команданы түгел жасақтап үлгеруіміз керек. Минсктегі жарыс бұл алғашқы таныстығымыз болады деп отырмыз. Себебі бұл команда мүлде жаңадан жасақталды. Сондай-ақ бұл жарыстан кейін біз тағы да жас ойыншыларды қарастыра бастаймыз.

- "Развития кубогі" додасындағы мақсат қандай болады?

- Бізде нақты мақсат бар. Бұл ең алдымен команда жасақтау. Бір-бірімізбен танысу. Сосын, халықаралық тәжірбие жинақтау. Азияның, Еуропаның өзге де командаларымен күш сынасу. Мысалы, Тәжікстан мен Қырғызстан командалары бізден бір жас жоғары. Олар өткен жылдан бастап Азия ойындарына қатысып жүр. Олар бізге қарағанда мықты болатыны сондықтан. Қазақстан құрамасы болса бір жас кіші балаларды сұрыптап, қараша айында болатын Еуропа біріншілігінің іріктеуіне дайындалу. Белоруссиядағы сайыста бас жүлде алмасақ та, барымызды саламыз.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу