Александр Поветкин француз Жоан Дюопаны нокаутпен жеңді

1774

Ресейдің Екатеринбор қаласында орыс витязі Александр Поветкин мен француз Жоан Дюопаның жекпе-жегін тамашалағандар риза боп тарасты, өйткені, бұл кездесу өте тартысты өтті.

Александр Поветкин француз Жоан Дюопаны нокаутпен жеңді Фото: Life.ru

Екеуі бұған дейін талай спарингте кездескен болатын. Боксшылар бір-бірінің қыр-сырын жақсы меңгеріп алғандықтан болар, басында екеуі де көп уақыт шабуылға шықпай жүріп алды, бірін-бірі бақылаумен болды. Дегенмен, Поветкин бірінші болып іске кірісіп, оң жақтан көбірек соққы жасады. Дюопа да қарап қалмады, ресейліктің соққысына соққымен жауап берді.

Дюопа екі раунд бойы орыс витязінің оң жақтан келетін соққыларын бақылаумен болды. Дегенмен, Поветкин сол қолымен жақсы жұмыс істейтінін көрсетті. Француз бұл шабуылдардан кейін есеңгіреп қалғанымен, онысын сездірмеуге тырысты.

Төртінші раундта Поветкин қос құлаштап шабуылға көшті. Жоан қашып жүріп, қарымта қайтаруға ғана шамасы жетті. Дегенмен, Поветкин қарсыласын қуып жүріп, бет қаратпай сабап кәдімгідей есеңгіретіп тастады.

Француз қашып жүріп бокстасып, 6-шы раундқа дейін әрең шыдады. Дәл осы раундта Поветкин фрацузды біржолата құлатуға кірісті және оның қолынан келді де. Біресе солдан, біресе оңнан шабуылдап, соңғы нүктені осы раундта қойды. Алты раунд бойы ойқастаған Дюопа Поветкиннің сол жақтан сілтеген жойқын соққысынан кейін аяғында тұра алмай, сылқ құлады. Нокаут!

Француз Жоан Дюопаны зембілге салып алып кетті. Ал орыс витязі Александр Поветкин өзінің мықты екенін жерлестері алдында тағы бір дәлелдеді. Поветкин, негізі, канадалық Бермейн Стивернмен жұдырықтасуы керек болатын, алайда, оның қанынан рұқсат етілмеген препарат табылып жарыстан шеттетілді. Алдын-ала билеттер сатылып қойғандықтан, Стиверннің орнына басқа мықтыны шақыртты. Ол – осы француз WBC Silver Жоан Дюопа (34-3,21 КО) болатын.

Айта кету керек, Стивернмен жекпе-жек алдында Поветкин де допинг-тестен өтпей қалған болатын. Алайда, ол көрсеткіш расталмаған, оның анық-қанығы қайта тексеріледі.

Ал Поветкин мен Жоан Дюопа жекпе-жегіне жалпы 3 миллион АҚШ доллары бөлінді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу