Александр Седнев: "Жас ойыншыларымызды бейімдеуге бар күшімізді салатын боламыз"

2590

"Ордабасы" оқу-жаттығу жиындарын Түркияда өткізуде.

Александр Седнев: "Жас ойыншыларымызды бейімдеуге бар күшімізді салатын боламыз"

Шымкенттік клуб Түркияның Белек қаласында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиындары аясында өткен матчта Өзбекстанның "Навбахор" клубын 2:1 есебімен жеңді. "Ордабасы" сапынан Мирзад Механович пен Сергей Хижниченко көзге түсті.

Осыған байланысты "Ордабасы" клубының бас бапкері Александр Седнев "Навбахормен" болған ойынға қатысты өз пікірін білдірді:

"Ең жақсы нәрсе, ол әрине есеп. Біз жеңгенімізге өте қуаныштымыз және алда болатын ойындар мен қатысатын жарыстарымыздың барлығында да жеңіске жеткіміз келеді. Мен бұл ойын философиясының біз үшін ең басты нәрсе болуын қалаймын. Әрине, біз енді ғана жаттығуларға көштік және әзірге ойыншыларымыздың жағдайы толыққанды жақсы емес екені түсінікті. Бұл ойын бізге функционалды мінез көрсетуге мүмкіндік берді.

Біз алғаш рет ойын ырғағын сезіндік. Мен қарсыластарымыздың физикалық тұрғыдан бізге қарағанда мықтырақ болғанына қуаныштымын. Бізге бұл қақтығысқа қарсы қалай төтеп бере алатынымызды көру керек болды. Мен футболшыларымыздың тек бүгінгі ойындағы ғана емес, жаттығу жұмыстарындағы қарым-қатынастарына да қанағаттанамын.

Біз оңтайлы ойын мәнерін іздестіру үстіндеміз және ойыншыларымыздың қабілеттері мен мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Біз әлі толық құрамда жиналмадық. Бізде қазір ротация жүруде және жас ойыншыларымызды бейімдеуге бар күшімізді салатын боламыз. Бәлкім олар қателіктер жіберер, бірақ қандай жағдай болмасын, мен биыл жас ойыншыларымыздың ішкі біріншіліктің деңгейіне сай бейімделетініне сенемін. Бүгінгі таңда олар өте үлкен оптимизммен дайындалуда.

Маған команданың қарсыласқа деген реакциясы ұнады. Біз доп қарсыластың иелігінде көп болса да үрейлене қоймадық. Бірақ менің көзқарасым бойынша, біз өткір шабуылдарда жақсы жұмыс жасадық. Екі бірдей гол салғанымызға қарамастан, бізде есепті еселеуге мүмкіндіктер жеткілікті болды және біз қарсыласымызға қақпамыздың алдында қауіпті сәттерді пайдалануына жол бермедік", - деді Александр Седнев.

Естеріңізге сала кетсек, "Ордабасы" алғашқы оқу-жаттығу жиынынан кейін 12 ойыншымен келісім-шарт жасаудан бас тартты.

Шымкенттегі алғашқы оқу-жаттығу жиынының қорытындысы бойынша қаралымнан мына ойыншылар өте алмады: 19 жастағы шабуылшы Жавланбек Бабаназаров, 19 жастағы қорғаушы Дәуренбек Жүсіпов (екеуі де – "Оңтүстік академиясы"), 25 жастағы қорғаушы Асхат Ермекұлы (#8 СДЮСШОР), 22 жастағы жартылай қорғаушы Бекнұр Рысқұл, 20 жастағы қорғаушы Даниэль Мәуленов және 20 жастағы қақпашы Қажымұқан Төлепберген (барлығы – "Мақтаарал"), 20 жастағы қорғаушы Асылжан Бұлғақбаев және 19 жастағы жартылай қорғаушы Ерік Жарылқасын (екеуі де – "Ордабасы-Ж"), 23 жастағы қорғаушы Мәди Айтөре және 22 жастағы жартылай қорғаушы Мұхит Жақсылық.

Сондай-ақ, оқу-жаттығу жиынының қорытындысы бойынша командадан 30 жастағы қорғаушы Мардан Төлебек ("Тұран" клубында қаралымда жүр) және 26 жастағы қорғаушы Ұлар Жақсыбаев ("Қайсарда" қаралымда жүр) кеткен болатын.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу