Александр Винокуров қызметіне қайта оралады

1425

24-маусым күні Винокуров "Астана" командасының спорт жетекшісі қызметінен кеткен болатын.

Александр Винокуров қызметіне қайта оралады

2022 жылғы Әлемдік турдағы "Астана" велокомандасының болашағы белгілі болды. Қазақстандық серіктестер келесі маусымда акционер және титулдық демеуші ретінде жобаны қолдауды жалғастыратындарын растады. Ал команданың баспасөз қызметі Александр Винокуровтың қызметіне қайта оралатынын мәлімдеді.

"Александр Винокуров 2022 жылы команданың спорттық жетекшісі қызметіне қайта оралады және шабандоздар мен қызметкерлердің тізімін жасақтау, сондай-ақ жобаның барлық спорттық іс-шараларын жоспарлау қызметін атқаратын болады. Қазіргі таңда команда әлемнің жоғарғы лигасындағы веложарыстардың 17-ші маусымына дайындық үстінде және жақында келісім-шарттарды ұзарту туралы хабарлайды. Сондай-ақ жаңа шабандоздармен келісімге қол қояды", - деп хабарлады Astana Premier Tech командасының баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, 24 маусым күні "Астана" командасының басшылығы Александр Винокуровтың бұдан былай команданың спорт жетекшісі болмайтынын хабарлаған болатын. Осылайша 2012-жылы Лондонда өткен Олимпиада чемпионы биылғы "Тур де Франсқа" қатыса алмады. Дегенмен енді жаңа маусымда қызметіне қайта оралған соң ол команда қатысатын барлық спорттық-іс шараларды жоспарлайтын болады. Ал канадалық Premier Tech компаниясы Astana-Premier Tech велокомандасымен бес жылдық серіктестікті тоқтатады.

Қазіргі таңда Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті қызметін атқаратын Винокуров бұл жаңалық туралы өз пікірін білдірді.

"Бәрі тамаша! Біз жұмысты қайта бастаймыз. Көп уақыт жоғалтқанымызбен, біз болашаққа үмітпен және оптимизммен қараймыз", - деді Александр Винокуров.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу