Александр Винокуровтың ұлы "Астанаға" ауысты

574

Николя Винокуровпен қатар Astana Qazaqstan Development командасының тағы бір шабандозы елордалық командамен бірге Әлемдік турда өнер көрсететін болды.

Александр Винокуровтың ұлы "Астанаға" ауысты Фото: astanaproteam.kz

Құрлықтық Astana Qazaqstan Development Team командасының екі шабандозы Николя Винокуров (Қазақстан, 21 жаста) пен Харольд Мартин Лопес (Эквадор, 22 жаста) Astana Qazaqstan Team командасымен бірге Әлемдік турға үлкен қадам жасауға дайындалуда. Екі шабандоз да қазақстандық командамен екі жылдық келісімге қол қойды.

Николя Винокуров – топтық жарыс бойынша 23 жасқа дейінгі шабандоздар арасында Қазақстанның екі дүркін чемпионы (2022, 2023 ж). Сонымен қатар, Николя 2019 жылы жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының топтық жарысында екінші, 2021 жылы "Румыния туры" кезеңінде 8-ші, 2022 жылғы 23 жасқа дейінгі шабандоздар арасында өткен Азия чемпионатында топтық жарыста үшінші және жекелей уақытқа арналған сайыста төртінші нәтиже көрсетті. Бірнеше күн бұрын Николя "Ван аймағы турының" жалпы есебінде екінші орынға ие болып, үздік жас шабандоз жейдесін жеңіп алды.

"Әлемдік турға қатысу – менің бала күнгі арманым. Astana Qazaqstan Team мен үшін бір отбасы іспетті. Осы командамен бірге өстім, жанкүйерлік еттім, оның жетістіктерін теледидардан бақылап отырдым. Соңғы бірнеше жыл ішінде біршама жетістіктерге жетіп, алға жылжыдым және болашақта одан да көп нәтижелерге қол жеткізе аламын деп ойлаймын. Менің басты мақсатым - командаға табысқа жетуге көмектесу және, әрине,  жеке нәтижелерге жету үшін бәсекеге түсу. Ынтам зор және келесі маусымды асыға күтемін", - деді Николя Винокуров.

Харольд Мартин Лопес "Гватемала Вуэльтасының" екі кезеңінде жеңіске жетті. 2020 жылы "Эквадор Вуэльтасында" жалпы есепте екінші орын алды, жекелей уақытқа арналған жарыс бойынша 23 жасқа дейінгі шабандоздар арасында Эквадор ұлттық чемпионатында жеңіске жетті. 2021 жылы Пан-америка ойындарында топтық жарыста екінші болып мәреге келді. "Истриан Спринг Трофи" және 2022 жылы "Де л’Авенир туры" жарысында жалпы есепте 12-ші нәтиже көрсетті. Бірнеше апта бұрын Харольд Мартин Astana Qazaqstan Team командасымен бірге "Бургос Вуэльтасына" қатысып, жалпы есепте 9-шы орынға ие болды.

"Соңғы жылдары мен мықты болып, кәсіби шабандоз деңгейіне жету үшін көп жұмыс жасадым. Осы керемет команданың бір бөлігі болуды армандадым. Енді Astana Qazaqstan Team командасына ауысатыныма сене алар емеспін. Бала кезімнен "Астананы" теледидардан тамашалаушы едім. Осы тамаша ұжымға жанкүйерлік еттім. Гранд Турлардағы команданың үлкен жетістіктерінің куәсі болдым. Енді міне, оның бір бөлігіне айналатыным сондай керемет. Құрлықтық командада екі жылда көп нәрсе үйрендім. Шабандоз ретінде де, тұлға ретінде де өстім. Енді келесі қадамға дайынмын. Осы мүмкіндік үшін Александр Винокуровқа, Astana Qazaqstan Team командасының басшылығына алғысымды білдіргім келеді және мен бұл сенімді ақтау үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын", - деді Харольд Мартин Лопес.

"Құрлықтық команда құрылғалы бергі екі маусымнан кейін біз жобаның толық күшінде жұмыс істей бастағанын көріп отырмыз және тағы екі шабандоз Әлемдік турға өтуге дайын. Бұл біздің жоба үшін ерекше сәт. Николя мен Харольд Мартин деген екі шабандоз да армандарын жүзеге асыру үшін көп жұмыс жасады. Екеуі де әлі жас. Бірақ, менің ойымша, үлкен команда сапына қосылу үшін нағыз қолайлы уақыт келді. Николя ұлттық және азиялық құрлықтық деңгейде маңызды нәтижелерге қол жеткізді. Ал Харольд Мартин Astana Qazaqstan Team командасымен бірге жарыстарда, мысалы, "Бургос Вуэльтасында" өзінің әлеуетін көрсетті. Алда нағыз кәсіпқой спортшы болу үшін үлкен жұмыс күтіп тұр. Дегенмен, олар бұған дайын деп ойлаймын", - деді Astana Qazaqstan Team бас менеджері Александр Винокуров.

Айта кетейік, қазіргі таңда елордалық велокоманда "Испания Вуэльтасына" қатысуда. Бүгін аталмыш веложарыстың 17-ші кезеңі өтіп, пелотон таулы аймақта 124,4 шақырымды жүріп өтті. Кезеңнің жеңіс тұғырына Jumbo-Visma командасының шабандоздары көтерілді: словениялық Примож Роглич, Дэйн Йонас Вингегаард және америкалық Сепп Кусс.

"Астана" сапынан үздік нәтижені кезеңді 24-болып аяқтаған Андрей Зейц көрсетті. Фабио Феллине 52-ші, Джо Домбровски - 70-ші, Луис Леон Санчес - 133-ші, Самуэле Баттистелла - 134-ші, Вадим Пронский - 146-шы болып мәреге келді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу