Александр Винокуровтың ұлы Малайзиядағы жарыста Азияның үздік велошабандозы атанды

198

Николя Винокуров үздік шабандоз атағына қол жеткізіп, ақ жейдеге ие болды. 

Александр Винокуровтың ұлы Малайзиядағы жарыста Азияның үздік велошабандозы атанды

2025 жылғы 28 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Малайзияда UCI ProSeries күнтізбесіне кіретін көпкүндік "Лангкави туры" веложарысы өтті. 1200 шақырымнан асатын сегіз кезеңдік додада жалпы есепте француз спортшысы Жорис Дельбов жеңімпаз атанды. Екінші орынды норвегиялық Андерс Холланд Йоханнессен, үшінші орынды швейцариялық Яннис Вуазар иеленді.

Финалдық сегізінші кезеңде (Тангкак – Куала-Лумпур, 180 км) Жаңа Зеландия өкілі астаналық Аарон Гейт (XDS Astana Team) мәреге 4 шақырым қалғанда шабуылдап, жеңіске жетті. Бұған дейін оның командаласы Маттео Малучелли де кезең жеңімпазы атанған болатын.

"Біз үшін "Лангкави турының" осылайша сәтті аяқталуы қуанышты жағдай. Басты міндетіміз Николяны жалпы есепте жүлделі орынға жеткізу болатын. Финалда екеуміз бірге шабуыл жасауды жоспарлаған едік. Алайда кезең біз күткеннен де қиын болып шықты. Өрге көтерілу барысында көп күш жұмсауға тура келді. Соңына қарай қарқын өте жоғары болғандықтан басымдыққа ие болуға мүмкіндік болмады. Жарыс тағдыры мәреге 4 шақырым қалғанда шешілді. Сол сәтте топтың жылдамдығы төмендеді. Ал алда ертерек кеткен бір спортшы ғана болды. Бұл тамаша мүмкіндік деп ойлап, шабуылға шықтым. Tudor командасының өкілі ілесе жөнелді. Ол мәреге 1 шақырым қалғанда қарсы шабуылдады. Бірақ мен бар күшімді салып қуып жеттім де, өз спринтімді сәтті өткіздім. Шын мәнінде жеңіске жетуді көздедім. Сол мүмкіндікті пайдалана алғаныма ризамын", – деді Аарон Гейт жарыстан кейінгі сұхбатында. 

Бұл жеңіс Аарон Гейт үшін 2025 жылғы маусымдағы төртінші жетістік болды.

Спринтерлік классификацияда Эрленд Бликра (Норвегия) үздік шықты, ал таулық кезеңдер бойынша жүлдені аустралиялық Патрик Эдди жеңіп алды. Азияның үздік шабандозы атағы қазақстандық Николя Винокуровқа (XDS Astana Team) бұйырды. Ол жалпы есепте 4-орын алып, кәсіби мансабындағы ең жоғары нәтижеге қол жеткізді.

"Ең алдымен Малайзиядағы осы аптадағы еңбектері үшін командама алғыс білдіремін. Жігіттер әр кезеңде жан аямай еңбек етті. Алекс пен Антон күн сайын топты бақылап, қашқандарды қуып жетуге көмектесті. Ал Лев пен Аарон финалдық сәттерде әрқашан жанымда болды. Бұл нәтижеге жету – команданың еңбегінің жемісі. Апта біз үшін табысты өтті. Биыл айтарлықтай ілгерілеу барын сеземін. "Испания Вуэльтасы" маған үлкен тәжірибе берді. Бүгінгі жетістік мені алдағы уақытта одан әрі еңбек етуге жігерлендіреді", – деді Николя Винокуров.

Осылайша, "Лангкави туры – 2025" қазақстандық XDS Astana Team командасы үшін өте сәтті өтті. Төрт кезеңдік жеңіс, Николя Винокуровтың жалпы есептегі үздік төрттікке енуі мен Азияның үздік шабандозы атағын алуы – айрықша жетістік болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу