Александр Власов "Джиро делл’Эмилия" жарысында жеңіске жетті

1295

"Астана Про Тим" командасының велошабандозы Александр Власов Италияда өткен біркүндік "Джиро делл’Эмилия" жарысында үздік нәтиже көрсетті.

Александр Власов "Джиро делл’Эмилия" жарысында жеңіске жетті

"Джиро делл’Эмилия" Казалеккьо ди Ренодан басталып, 199.7 шақырымнан кейін Балоньеде  Сан-Лука шыңында мәресіне жетті. Былтыр дәл осы жерде "Джиро д’Италия" Гранд-турының ашылу салтанаты өткен болатын.  

Болоньеде финалдық айналымда жарыс қыза түсті. "Астана Про Тим" шабандоздарынан ең алдымен Мануэле Боаро, ал сәлден кейін Харольд Техаданың арқасында негізгі топ көшбасшыларды қуып жетті.

Финишке бір жарым айналым қалғанда фавориттер тобынан Жоао Алмейда шабуылға шығып, шабандоздардан 35 секундтай басымдылыққа ие болды. Бірақ, Сан-Лука асуында Александр Власов пен таяуда өткен "Ломбардия турының" жеңімпазы Якоб Фульсанг уақытты ұтымды пайдаланып, басымдылыққа ие болды. Ал финишке 1.5 шақырым қалғанда жойқын шабуылға шыққан Власов ең алдымен Алмейданы қуып жетіп, сәлден кейін оны басып озды. Нәтижесінде "Астана" шабандозы осы маусымдағы үшінші жеңісіне қол жеткізді.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Власов "Прованс турының" кезеңдерінің бірінде және "Мон-Ванту Челлендж" жарыстарында жеңіске жеткен. Бұдан бөлек, ол өткен аптада сенбі күні өткен "Ломбардия турында" 3-орынға ие болды.

"Жеңіске жеткенім үшін өте қуаныштымын! Ең алдымен командаға және қолдау көрсеткен біздің бас демеушіміз "Самұрық-Қазынаға" алғысымды білдіремін. Бүгін өзімді жақсы сезіндім. Сондықтан Сан-Лука асуының финалдық бөлігіне жеткенде шабуылға шығуды жөн санадым және бар күшімді салдым. Өткен аптада айтарлықтай жақсы нәтиже көрсеткенмін. Ал бұл жолы жеңіске жеттім. Италиялық веложарыста үздік нәтиже көрсеткенім үшін қуаныштымын. Мен бақыттымын!", - деді Александр Власов жарыстан кейін.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу