Александр Власов пен Йон Исагирре "Париж-Ниццада" жүлделі орындарға ие болды

1177

Беделді Париж-Ницца көпкүндігінде Astana - Premier Tech командасының екі шабандозы бас классификацияда екі жүлделі орынға ие болды: екінші орын алған Александр Власов жарыстың вице-чемпионы атанды, ал Йон Исагирре үшінші орынға ие болды. Сонымен қатар, Власов ақ жейдені жеңіп алып, жастар классификациясының жеңімпазы атанды. Ал жалпы командалық есепте Astana - Premier Tech жеңіске жетті.

Александр Власов пен Йон Исагирре "Париж-Ниццада" жүлделі орындарға ие болды

"Париж-Ниццаның" соңғы, 8-ші кезеңі Ниццада енгізілген шектеулерге байланысты өзгертіліп, кезең қысқартылды. Нәтижесінде шабандоздар тау жолымен небәрі 92,7 шақырымды жүріп өтті. Жарыс көптеген бұрылыстар мен құлдиларға байланысты өте жылдам және қауіпті болды. Бұл шабандоздар үшін көптеген кедергілер тудырды.  Бүгін қақтығысқа тап болған шабандоздар арасында Александр Власов пен жарыстан шығуға мәжбүр болған Алексей Луценко да болды. Қуанышқа орай, медициналық тексеруде қазақстандық-канадалық команда шабандоздарының ешқайсысынан ауыр жарақаттар анықталған жоқ.

Сондай-ақ, кезең барысында жарыстың көшбасшысы Примож Роглич екі рет құлап түсті. Нәтижесінде, негізгі топтан артта қалып, ол топқа қайта орала алмады және жалпы есеп үшін күресте жеңіліп қалды.

Кезеңнің финалына жақын Луис Леон Санчес пен Омар Фрайле бірнеше рет шабуыл жасады. Содан кейін олар алға озған топқа ауыса алды. Алайда кейінірек екі шабандоз да Александр Власов пен Йон Исагиррені қолдау үшін пелотонға оралды. Топта Роглич болмағандықтан, Власов пен Исагирре неміс шабандозы Максимилиан Шахманмен сынға түсті. Соңғы асуда Власов пен Исагирре кезек-кезек Шахманға шабуылдап, топтан бөлінуге тырысты. Бірақ олар басымдылыққа қол жеткізе алмады. Фавориттер тобы жарысты бірге аяқтады. Ал кезеңдегі жеңіс тағдыры спринтте шешілді. Дат шабандозы Магнус Корт финалдық кезеңнің жеңімпазы атанды. Йон Исагирре жетінші, ал Александр Власов 12-орынды иеленді.

Максимилиан Шахман "Париж-Ницца-2021" велододасының қорытынды жеңімпазы атанды. Ал Александр Власов пен Йон Исагирре үздік үштік қатарын толықтырды.

"Мен екінші орын және ақ жейде иеленгеніме өте қуаныштымын. Бұл менің "Париж-Ниццаға" алғаш рет қатысуым және осындай атақты жарыста дебют жасап, бірден жеңіс тұғырынан көріну өте тамаша нәтиже. Соңғы кезең жүйке жұқартарлық болды. Жылдамдық та жоғары, ал жарыс бағыты өте қауіпті болды. Мен Алексей Луценкомен бірге қақтығысқа тап болдым. Бірақ, қуанышқа орай, жарысқа қайта оралдым. Примож Рогличтің де құлағаны өкінішті. Ауыр жарақаттар алмаған болар деп үміттенемін. Финалда команда Йон екеуміз үшін керемет жұмыс жасады. Мен үш рет шабуыл жасадым. Йон да бірнеше рет шабуылдауға тырысты. Бірақ, соңғы асу тік болған жоқ. Сондықтан басымдылыққа қол жеткізу мүмкін болмады. Соған қарамастан біз барынша тырыстық және мойымай, соңына дейін күрескенімізге қуаныштымын. Енді алда мені демалыс күтіп тұр. Содан кейін биік таулы аймақта өтетін оқу-жаттығу жиынына барамын", - деді Александр Власов.

"Кезең өте керемет өтті. Біз үнемі жоғары жылдамдықпен жүріп отырдық. Көптеген шабуылдар мен қауіпті тас жолда шабандоздардың құлауы көп болды. Менің әріптестерім де қақтығысқа тап болып, сонымен қатар Роглич те құлады. Оның жарыстан осылайша шығып қалғаны өкінішті. Бірақ бұл велоспорттың бір бөлігі. Ол тез қайта қалпына келеді деп үміттенемін. Біз өз жоспарымызбен жүріп отыруға тырыстық және біздің команда жарысты керемет өткізді. Соңғы асуда бәріміз алда болып, көп жұмыс жасадық және Шахманды оқшаулауға тырысып, топа іріктеу жүргіздік. Мен шабуылға шықтым, Александр да бағын сынап көрді. Себебі мұндай финалдарда ол өте мықты. Бірақ оны алға шығару мүмкін болмады. Соған қарамастан, мен "Париж - Ницца" сияқты үлкен жарыстағы жүлдеме өте қуаныштымын. Бұл үлкен жетістік. Мен осы маусымның ең үлкен мақсаттарына жету жолындамын. Бабым жақсы деңгейде. Бірақ келесі жарыстарда мықты болу үшін бабымды одан әрі жақсарта аламын деп үміттенемін. Міне, "Париж - Ниццада" біз біртұтас команда ретінде өте жақсы өнер көрсеттік және командалық есепте жеңіске жеткеніміз сондай тамаша! - деді Йон Исагирре.

Париж – Ницца. Этап 8. Пла-дю-Вар – Леван, 92.7 шақырым.

Кезеңнің үздік үштігі: 1. Магнус Корт (EF Education - Nippo); 2. Кристоф Лапорт (Cofidis, Solutions Credits); 3. Пьер Лятур (Team Total Direct Energie).

Astana – Premier Tech Үздік үштік: 7. Йон Исагирре; 12. Александр Власов; 20. Луис Леон Санчес.

Жалпы есептің үздік үштігі: 1. Максимилиан Шахманн (BORA - hansgrohe); 2. Александр Власов (Astana – Premier Tech); 3. Йон Исагирре (Astana – Premier Tech).

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу