Александр Власов көпкүндіктің вице-чемпионы атанды. Ал Алексей Луценко жүлделі 3-орынға ие болды. Сонымен қатар Луценко ұпай классификациясы бойынша үздік шабандоздың жейдесін кисе, Власов "үздік жас шабандоз" атанды. "Astana Pro Team" жалпыкомандалық есеп бойынша жеңімпаз атанды.
Жарыстың соңғы, 4-кезеңі (170.5 шақырым) Экс-эн-Прованс қаласында күтпеген нәтижемен аяқталды. Алға озған топ арасынан Оуэн Дулл екі қарсыласын шаң қаптырып, кезеңде жеңіске жетті. Жарыс жолының соңғы шақырымдарында шабуылға шыққан Алексей Луценко көшбасшыларды қуып жетуге тырысқанымен, мәреге жеңімпаздан 6 секунд уақыт айырмашылығымен, тек 5-болып жетті.
- Финишке бір шақырым қалғанда көшбасшыларға жақындап қалған едік. Тек 5 секунд уақыт қана жетпей қалды. Шабуылға шыққаныммен, кеш болды. Өкінішті, әрине. Дегенмен, бағымды сынап көрдім және 5-орынға ие болдым. Жалпы, өзімнің, әрі команданың қол жеткізген нәтижесіне көңілім толады. Командамыз жақсы жұмыс атқарды. Енді тек жақсы оймен келесі жарыстарды тағатсыздана күтемін, - деді Алексей Луценко.
- Біз алға озуға тырысқанымызбен, басқа командалар жарысты бақылауда ұстап отырды. Менің ойымша бұл жарыста өте жақсы нәтижеге қол жеткіздік - екі жүлделі орын, спринтерлік және жастар классификациясының жейдесіне ие болып, командалық есепте жеңіске жеттік. Велобәйгеге жас шабандоздарымызды алып келдік және жігіттер тамаша жұмыс атқарды, тәжірибе жинақтады. Шабандоздарымыздың барлығы өздерін тек жақсы қырларынан танытты. Жетістікке жету үшін ылғи да ауызбіршілік қажет. Бұл маусымның тамаша бастамасы болды, - деді "Astana Pro Team" велокомандасының менеджері Дмитрий Фофонов.
Колумбиялық шабандоз Наиро Кинтана "Прованс туры-2020" велододасының чемпионы атанды.
Ермұхамед Мәулен