Александр Власов "Вуэльтаның" патшалық таулы кезеңінде 2-орынға ие болды

1220

Александр Власов "Испания Вуэльтасының" 12-ші патшалық таулы кезеңінде аты аңызға айналған, өте тік орналасқан Альто дел 'Англиру шыңында екінші орынға ие болды. Англирудың бөктерінде жарыстың фавориттері арасында нағыз шайқас өрбіді: шабандоздар шабуылға шығып, кезеңде уақыт ұтуға тырысты. Нәтижесінде асудың соңғы екі шақырымында шабуылға шыққан  Хью Карти жеңіске жетті. Фавориттер тобынан шабуылдаған Власов Картидің ізіне түсті. Ол бар күшін салғанымен, мәреге кезең жеңімпазынан 16 секундтан соң екінші болып келді. Ал үшінші орынды испанилық Энрик Мас иеленді.

Александр Власов "Вуэльтаның" патшалық таулы кезеңінде 2-орынға ие болды

"Англирудың  өте қиын және тік орналасқан асу екенін білдік. Бірақ өзім үшін не күтуге болатынын білмедім. Бұл ауыр күн болды. Бірақ, команда тағы да керемет жұмыс атқарды. Әріптестерімнің арқасында финалға біраз күшімді сақтап қалдым. Алдыңғы шепте ең мықты шабандоздармен бірге болып, кезеңдегі жеңіс үшін таласқа түстім. Бұл асуда барлығының күші сарпыла бастады. 100% барымды салдым. Асуды өз жылдамдығыммен жүріп отыру керек екендігін түсіндім және бұл жосапарым орындалды. Жарыстың финалдық бөлігіне жеткенде қарсыластарымның соңынан ілесіп отырдым. Алдыңғы қатарға шығу үшін оңтайлы сәтті пайдланып қалуға тырыстым. Бірақ, Англиру сияқты тауда әрбір іс-қимылыңды бақылап отыруың керек. Олай болмаған жағдайда кейін сол үшін көп күш жұмсауға тура келеді. Қалай болғанда да мен басқа шабандоздардың шабуылына ілесіп отырдым. Содан кейін Мас пен Карапастың тобын қуып жеттім. Бірақ ол кезде Карти алға озып кеткен және оны қуып жету мүмкін болмады. Дегенмен, көрсеткен нәтижеме көңілім толады. Бабымның күннен күнге жақсарып келе жатқанын сеземін. Сондықтан келесі жарыс аптасында бұдан да жақсы көрсеткіштерге қол жетікіземін деп ойлаймын", - деді Александр Власов.

"Испания Вуэльтасының" екінші жарыс аптасының соңғы 12-кезеңі Пола де Лавьяна қаласынан басталды. Бірнеше шабуылдан соң 19 шабандоздан тұратын топ алға озып кетті. Олардың арасында Луис Леон Санчес бар еді. "Астана Про Тим" шабандоздары "Вуэльтаның" жарыс күнін өте белсенді өткізді. Финишке шамамен 25 шақырым қалғанда Санчес шабуылға шығып, 3 шабандоздан тұратын көшбасшы топ құрды. Олар Англиру бөктеріне алғашқы болып жетті және сол басымдылықтарын мәреге 10.5 шақырым қалғанша сақтап қалды. Содан кейін оларды қызыл жейде иегерінің тобы қуып жетті.

Жалпы есептің фавориттері арасында Альто де л’Англиру шыңына бастар жолда нағыз тартыс болды. Нәтижесінде Хью Карти жекелей шабуылға шығып, кезең жеңімпазы атанды. Александр Власов мәреге 2-болып келді. Энрик Мас үздік үштік қатарынан табылды.

Эквадорлық Ричард Карапас жарыс жолын 4-болып аяқтап, бас классификацияда көш бастады. Жалпы есептің бұрынғы көшбасшысы Примож Роглич мәреге Власов, Мас және Карапастардан 10 секундтан кейін, 5-болып келді.

Патшалық таулы кезеңде көрсеткен нәтижесінің арқасында Александр Власов "Испания Вуэльтасының" жалпы есебінде 9-орынға көтерілді. 12 кезең қорытындысы бойынша "Астана" капитаны Карапастан 6 минут 41 секунд артта келеді.

"Біз "Вуэльтаның" екінші жарыс аптасын тамаша өткіздік. Команда жақсы жұмыс жасады. Біздің көшбасшымыз Александр Власов әрбір таулы кезеңде алдыңғы қатарда болып, жоғалтқан уақытын күн сайын қайта қалпына келтіруде. Біз оның қол жеткізген нәтижесіне қуаныштымыз. Ол бабына қайта келіп, "Вуэльтада" жеңіс үшін таласқа түсуге дайын екені көрініп-ақ тұр. Біз екі рет жеңіске жақын болдық. Бұған дейін Омар Фраиле мәреге 2-болып келген. Енді Александр Власов жеңіске бір қадам жетпей қалды. Бірақ, ең бастысы команда өнер көрсетуін одан әрі жалғастыруда. Сондықтан біз енді үшінші жарыс аптасына дайындаламыз және Мадридке дейін әрбір кезеңде жеңіс үшін сынға түсеміз", - деді "Астана Про Тимнің" спорттық менеджері Дмитрий Фофонов.

Бүгін "Испания Вуэльтасының" екінші демалыс күні.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу