Александр Власов жастар классификациясында 2-орынға көтерілді

1135

Пьяченца – Сестола жарыс бағыты бойынша өткен "Джиро д’Италия" көпкүндігінің 4-кезеңі мәресіне жетті. Шабандоздар таулы аймақта ұзақтығығы 187 шақырымдық жарыс жолын бағындырды.

Александр Власов жастар классификациясында 2-орынға көтерілді

Жаңбыр мен суық, сондай-ақ соңғы асудағы тастақты жол жарысты барынша қиындатты. Кезең басталған соң "Intermarché - Wanty - Gobert" Matériaux командасының шабандозы 25-жасар бельгиялық Кинтен Херманс пен оның жерлесі, 29-жасар "Qhubeka Assos" командасының өкілі Виктор Кампенартс пелотоннан алғашқы болып шабуылға шығып, көш бастады. Бірақ, бернеше шақырымнан кейін оларды 23 шабандоздан құралған топ қуып жетті. Олардың арасында кезең жеңімпазы болған "UAE Team Emirates" командасының өкілі америкалық Джо Домбровски де бар болатын.

Жарыс бойы жалпы есеп үшін де, кезеңде де жеңіске жету үшін шабандоздар шабуылдауларын тоқтатпады. Нәтижесінде мәреге 4 шақырым қалғанда жекелей шабуылға шыққан Джо Домбровски кезеңде жеңіске жетті. Ал "Israel Start-Up Nation" командасының өкілі италиялық Алессандро Де Марки 2-нәтиже көрсетсе, "Bardiani-CSF-Faizanè" шабандозы Филиппо Фиорелли үздік үштік қатарын толықтырды.

"Astana-Premier Tech" командасының велошабандозы Александр Власов мәреге 13-болып келді. Ал жалпы есепте ол 7-орынды сақтап қалды. Сондай-ақ 25 жасқа дейінгі санатта қазақстандық-канадалық команданың ресейлік легионері 5-орыннан 2-орынға көтеріліп, көшбасшы венгриялық велошабандоз Аттила Вальтерден небәрі 24 секундқа қалып келеді.

Командалық есепте "Astana-Premier Tech" 4-кезеңнен кейін уақыт жоғалтып, 6-орыннан 11-орынға дейін төмендеді. Бүгін "Джироның" 5-кезеңі өтеді. Моденадан басталатын жарыс жолы 177 шақырымнан кейін Каттоликада мәресіне жетпек.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу