Александр Высоцкий: Басты мақсатымыз "Барысқа" жас әрі талантты хоккейшілерді даярлау

1816

"Номад" және "Снежные Барсы" хоккей клубтарының жаңа бас бапкерлері тағайындалды.

Александр Высоцкий: Басты мақсатымыз "Барысқа" жас әрі талантты хоккейшілерді даярлау

"Номад" өткен маусымда Михайлистің жетекшілігімен алғаш рет Жоғарғы Хоккей лигасына қатысты. Алайда плей-офф кезеңіне шыға алмады. Оған қарамастан бұл еліміздің басты клубының жүйесіндегі командада ойнайтын жас хоккейшілер үшін үлкен тәжірибе болды. Михайлис "Барысқа" ауысқандықтан, фарм клуб екі аптадай бапкерсіз қалған еді. Бірақ, кеше "Номадты" енді Александр Высоцкийдің жаттықтыратыны белгілі болды.

Высоцкий "Барыс" клубында тоғыз жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол шамамен Михайлиспен бір уақытта бапкерлікке келген. Жаттықтырушы ретінде Құрлықтық Хоккей лигасында, Жоғарғы Хоккей лигасында және Жастар Хоккей лигасында, сонымен қатар Қазақстан чемпионаты мен Жастар құрамасымен жұмыс істеуде тәжірибесі бар маман. Соңғы алты маусым бойы Высоцкий "Снежные Барсы" командасының бапкерлік штабында жұмыс істеген. Сондай-ақ соңғы төрт жыл хоккейден Қазақстанның жастар құрамасын жаттықтырған. Ал өткен маусымның соңында ел чемпионтында өнер көрсетіп жүрген "Астана" хоккей клубында өткізді. Оның жетекшілігімен елордалық клуб маусымды турнирлік кестенің соңында, яғни 13-орында аяқтады.

Александр Высоцкийге "Номадты" жаттықтыруға Павел Глотов пен Павел Бессонов көмектесетін болады. Олар бұған дейін "Барыстың" жүйесінде қызмет етіп, жас хоккейшілерді жаттықтырумен айналысқан.

"Номадтың" жаңа бапкері "Барыстың" ресми сайтына берген сұхбатында фарм-клубтың ойыншылары 6 шілде күні жиналып, екі апта бойы медициналық тексерістен өтетінін, ал 11 шілдеден бастап Нұр-Сұлтандағы "Барыс-Аренада" оқу-жаттығу жиындарына кірісетінін айтты.

"Шілденің соңы мен тамыз айының алғашқы жартысында екі бақылау кездесуін өткізуді жоспарлап отырмыз. Олардың бірі елордада өскемендік "Торпедоға", ал екіншісі Қарағанды қаласында "Сарыарқа" клубына қарсы кездесу болады. Тамыз айының соңында эпидемиологиялық жағдай тұрақталған соң Тюмень қаласында маусымалды турнирде сынға түсеміз. Алайда мұның барлығы тек жоспар екенін атап өткім келеді. Пандемияға байланысты жағдайдың қалай өрбитінін әлі нақты білмейміз, - деді Высоцкий. – Біз бұдан кейін де "Номадқа" ойыншыларды клуб жүйесінде жаттығып жүрген шәкірттер арасынан іріктеп аламыз. Өткен маусымдағыдай командамыздың басты мақсаты "Барысқа" болашағынан зор үміт күттіретін жас әрі талантты хоккейшілерді даярлау, - деп қоса кетті бапкер.  

Сонымен қатар "Снежные Барсы" хоккей клубына да жаңа бас бапкер тағайындалды. Ол 2018 жылдан бері "Барыста" қызмет атқаратын Александр Истомин. Ол бұған дейін төрт рет Қазақстан Чемпионатының алтын медальін жеңіп алған атыраулық "Бейбарысты" жаттықтырған. Өткен маусымда Истоминнің жетекшілігімен "Жастар" лигасында сынға түсіп жүрген "Барыстың" жастар командасы алтын медаль жеңіп алды.

"Тәжірибе көрсеткендей, "Снежные Барсы" соңғы бірнеше жыл бойы Қазақстанның жастар құрамасына мықты хоккейшілерді дайындаумен айналысып келеді. Әрине, бұл дәстүр бұдан кейін де жалғасын табады. Бірінші орында спорттық пирнцип және бәсекелестік. Былтырғы құрамнан көптеген ойыншылар командада қалды. Оқу-жаттығу жиындарына балалар мен жасөсіпірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің 2002 жылы туылған жігіттері мен 2003 жылғы топтары алынады", - деді Истомин.

Истоминнің айтуы бойынша "Снежные Барсы" 2 шілде күні бас қосып, екі апта медициналық тексеруден өтеді. Содан кейін оқу-жаттығу жиындарына кіріседі. Содан соң тамыздың екінші жартысынан кейін Новосібірде өтетін турнирге қатысуды жоспарлап отыр.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу