Алексей Бага "Ақтөбенің" бас бапкері болып тағайындалды

2215

"Ақтөбе" ФК осы маусымдағы алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін 20 қаңтарында Түркияға аттанды. Отандық клубтарға шетелде оқу-жаттығу жиындарын өткізуге рұқсат берілуіне байланысты ақтөбеліктер бірден Босфор жағалауына жол тартты.

Алексей Бага "Ақтөбенің" бас бапкері болып тағайындалды

Команда алдымен клуб автобусымен Орал қаласына барып, сол жерден Түркияға чартерлік рейспен ұшты. Командамен бірге "Ақжайық" ФК, "Атырау" ФК және "Каспий" футбол клубтары да Түркияға аттанды. Оқу-жаттығу жиындары наурыз айының басына дейін жалғасады.

Ал, кеше "Ақтөбе" командасының сапына бас бапкер Алексей Бага келіп қосылды. Бас бапкермен бірге оның көмекшісі Валерий Тарасенко да келді. Бас бапкерді команда басшысы Азамат Сабыр клуб басшылығы атынан ойыншылар мен әкімшілік құрамға таныстырды. Бүгіннен бастап белоруссиялық бапкер өзінің жұмысына кірісетін болады. 

Алексей Бага бапкерлік мансабын 2011 жылы бастаған. Сол жылдан 2018 жылға дейін БАТЭ клубында бас бапкердің көмекшісі болды. Ал 2018 жылы аталған клубтың бас бапкері болып тағайындалды. Өткен жылы "Жальгирис" клубымен Литва чемпионы атанып, ел Суперкубогін жеңіп алды.

Бапкерден бөлек Түркиядағы команда сапына алғашқы болып қаралымға жаңа ойыншылар келді. "Ақтөбе" ФК шет елдегі оқу жаттығу жиындарына Мирам Сапанов, Азат Ерсәлімов пен Еркебұлан Нұрғалиев келіп қосылды.
Тәжірибелі қорғаушы Мирам Сапановты көпшілік оралдық "Ақжайық" командасында ойнағанын біледі. Ол соңғы маусымын "Жетісуда" өткізген болатын. Ал көкшетаулық "Оқжетпестен" ауысып келген Азат Ерсәлімов өз кезегінде "ақ-қызылдар" намысын 2009-жылы қорғаған. Еркебұлан Нұрғалиевке келер болсақ 27 жасар жартылай қорғаушы соңғы маусымын ақтаулық "Каспийде" өткізгені белгілі. Сонымен қатар, Чернышёв, Джорджевич, және Бурнаш қаралымға Түркия еліне келіп қосылды. Ресейлік ойыншылар Георгий Бурнаш пен Олег Чернышёв, және черногориялық шабуылшы Бобан Джорджевич бүгін "ақ-қызылдардың" Түркиядағы ОЖЖ келіп қосылды. Үшеуі де өткен маусымда "Ақтөбе" сапында сәтті ойын көрсеткен. Дегенмен Бірінші лига біріншілігі біткеннен кейін еңбек келісім-шарттары аяқталған болатын.

Қазіргі таңда олар өзге де шет елдік ойыншылар секілді жаңа бапкерлік құрамға қаралымнан өтуде. Ойыншылардың жаңа келісім-шарт туралы мәселесі қаралым аяқталғаннан кейін шешілетін болады. Жоғарыда аталған ойыншылар ҚПЛ ойындарында тәжірибесі мол футболшылар. Дегенмен олардың барлығы да өздерінің қажеттіліктерін әлі де бапкер құрамына дәлелдеулері тиіс.

Естеріңізге сала кетсек, 2020 жылғы маусымның соңында "Ақтөбе" бірінші лигадан ҚПЛ-ға оралды. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу