Алексей Луценко: "Алда өтетін жарыстарға дайын болуымыз керек"

2044

Астана - Premier Tech велоклубы Испанияның Бенидорм қаласында жаңа маусымға және команда көшбасшыларының 2021-жылға арналған жоспарларымен таныстырды.

Алексей Луценко: "Алда өтетін жарыстарға дайын болуымыз керек"

Кадрлық өзгерістер мен 2021-жылғы маусымға бірқатар велосипедшілермен келісім-шартқа қайта қол қойылғаннан кейін тас жолдағы велоспорттан Қазақстан чемпионы Алексей Луценко "Астана - Premier Tech" командасының көшбасшыларының бірі атанды. Жексенбі күні команданың ресми тұсаукесері кезінде велошабандоздарымыздың маусымды Франциядағы "Прованс Туры" көпкүндігімен бастайтыны белгілі болды. Жарысқа қатысатындар арасында команданың тағы бір көшбасшысы Александр Власов та бар.

2020-жылдың ақпанында Власов "Прованс турының" бесінші кезеңінің күміс жүлдегері, ал Луценко осы жарыстың бас классификациясы бойынша үшінші орынға ие болды. Сонымен қатар, Луценко өткен жылы дәл осы сайыста ұпай классификациясы бойынша ең үздік шабандоздың жейдесін жеңіп алды. Ал жалпы есепте Власов осы жарыстың ең мықты жас шабандозы атанса, "Астана" командасы "Прованс турының" командалық есебінде  жеңіске жетті және биылғы жылы да осы көрсеткішті одан әрі жақсартуға тырысады.

"Прованс турынан" кейін Луценко Біріккен Араб Әмірліктерінің Турында өнер көрсетеді және классикалық бір күндік "Милан - Сан-Ремо" жарысына қатысады. Сондай-ақ, қазақстандық велошабандоз "E3 BinkBank", "Гент-Вевельгем", "Фландрия туры", "Арденн классикасы", "Амстел Голд Рэйс", "Льеж – Бастонь – Льеж" классикалық жарыстарында өнер көрсетуді жоспарлап отыр. Луценконың маусымның екінші жартысындағы басты мақсаттары - Қазақстан құрамасының намысын беделді "Тур де Франс" велокөпкүндігінде және Токиода өтетін Олимпиада ойындарыда қорғайтын болады.

"Менің басты мақсатым - маусымды жақсы формада бастау. Өйткені былтырғы жыл бізге қолайлы сәтті күтпеуді үйретті. Кез-келген жағдай орын алуы мүмкін. Жарыс тоқтап немесе кейінге шегерілуі ғажап емес. Сондықтан алда өтетін жарыстарға дайын болуымыз керек", - деді Луценко презентация кезінде. - Сондықтан мен әр жарысты мүмкіндігінше жақсы нәтижеге жету үшін пайдаланғым келеді. Бірақ, егер маусым қалыпты форматта өтсе, мен классикалық жарыстарға, Тур де Франсқа және Олимпиада ойындарына көбірек көңіл бөлгім келеді", - деп қоса кетті Қазақстан чемпионы.

Ресейлік Александр Власов елордалық клуб сапындағы екінші маусымын "Прованс турында" Луценкомен бірге бастайды. Содан кейін ол "Париж-Ницца" жарысына қатысуға ниетті. Ал оның маусымдағы басты мақсаты – "Джиро д'Италия". Жас ресейлік шабандоз италиялық суперкөпкүндіктің жалпы есебінде алғашқы бестік қатарына ілігуді көздеп отыр. Өткен жылы италиялық гранд-турдағы дебюті кезінде Власов екінші кезеңде мәреге 70 шақырым қалғанда асқазан ауруына байланысты жарысты мерзімінен бұрын аяқтаған болатын.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу