Алексей Луценко "Астанамен" келісім-шартты үш жылға ұзартты

1380

Қазақстандық ең мықты шабандоз Алексей Луценко Әлемдік турдың командасы "Астана" сапында қалатын болды.

Алексей Луценко "Астанамен" келісім-шартты үш жылға ұзартты

Команданың 28 жастағы көшбасшысы алдағы үш маусымда (2022-2024) ұлттық веложобаның намысын қорғайды.

"Мен кәсіби мансабымды қазақстандық "Астана" командасында одан әрі жалғастыратыныма өте қуаныштымын. Командада өткізген жылдар ішінде мен көшбасшы деңгейіне дейін жеттім. Енді мен әрі қарай дамуды жалғастыру үшін жауапкершілік, ынталандыру, жаңа жетістіктерге ұмтылу және көшбасшылығымды әр жолы жаңа жеңістермен дәлелдеуім керек. Биыл жалпы есептегі сайыста, сондай-ақ "Критериум дю Дофине" мен Гранд-Турлар сияқты үлкен апталық жарыстарда жақсы нәтиже көрсеттім. "Тур де Франстың" жалпы есебінде жетінші орын иеленгенім болашақта жеңіс тұғырынан көрінуге мені жігерлендіреді. Сонымен, жаңа маусымды "Астана" командасымен бірге жаңа мақсаттармен бастаймын. Жоба менеджерлерімен және бапкерлермен бірге негізгі мақсаттарды дұрыс айқындай алатынымызға сенімдімін. Содан кейін біз қалаған мақсатымызға жету үшін бар күшімізді саламыз", - деді Алексей Луценко.

Жыл басында "Париж-Ниццада" алған жарақатына қарамастан, осы маусымда Алексей Луценко бірқатар маңызды нәтижелерге қол жеткізді. Маусым айында Алексей беделді "Критериум дю Дофине" жарысының кезеңінде жекелей сында сенімді жеңіске жетті және бас классификация бойынша екінші орын иеленді. Ал шілдеде команданың қазақстандық көшбасшысы әлемдегі ең басты веложарыстардың бірі "Тур де Франста" өзін жақсы көрсетті. Ол жалпы есепте 7-орынға көтеріліп, бірінші рет Гранд-турдың алғашқы ондығына кірді. Сондай-ақ, Алексей Луценко біркүндік "Мигель Индурайн Гран-приі" жарысында екінші орынға ие болды.

Алексей 2013 жылы жастар арасындағы Әлем чемпионатының топтық жарыстарындағы тарихи жеңісінен кейін елордалық команда сапына қосылды. "Астана" жобасындағы тоғыз маусым бойы Луценко 28 мәрте жеңіске жетті. Оның ішінде "Тур де Франс", "Испания Вуэльтасының" кезеңдері және Әлемдік турдың "Париж-Ницца", "Критериум дю Дофине", "Швейцария туры" және "Тиррено-Адриатико" сияқты беделді көпкүндіктерінде өнер көрсетті.

"Алексей - команданың нағыз көшбасшысы. Ол жеңіске жетіп қана қоймай, сонымен қатар команданы ұйымдастырып, оны жоғары деңгейдегі жарыстарда басқара алады. Биыл "Тур де Франста" алға маңызды қадам жасалды. 16 жыл ішінде алғаш рет қазақстандық шабандоз жалпы есепте үздік ондық қатарынан табылды. Енді Алексей кәсіби шабандоздың өзін тамаша көрсете алатын деңгейге қадам басып келеді. Мен бұл жолды бірге жалғастыратынымызға өте қуаныштымын. Алда көп жұмыс бар. Қол жеткізген нәтижелерімізбен тоқтап қалмай, тек алға қарай жүре береміз. Біздің командаға Алексей Луценко сияқты көшбасшы қажет. "Астанадан" Алексей ең биік мақсаттарына жету үшін қажет нәрсенің бәрін алатынына сенімдімін", - деді команданың бас менеджері Александр Винокуров.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу