Алексей Луценко – "Критериум дю Дофиненің" вице-чемпионы

2060

Қазақстан чемпионы Алексей Луценко "Критериум дю Дофиненің" соңғы таулы кезеңінде жалпы есептегі жүлделі орынын сәтті қорғап, француздық көпкүндіктің бас классификациясында 2-орынға ие болды.

Алексей Луценко – "Критериум дю Дофиненің" вице-чемпионы

Коль де Жу План (11.7 шақырым, 8.5%) асуын қоса есептегенде бес санатты асулары бар кезеңде қазақстандық шабандоз тамаша өнер көрсетіп, финиште 7-орынға ие болды. Бұл нәтиженің өзі оған "Критериум дю Дофине-2021" веложарысының вице-чемпионы атануға жеткілікті болды. Ал Ричи Порт француздық көпкүндіктің жеңімпазы атанды. Astana – Premier Tech-тың тағы бір шабандозы Йон Исагирре соңғы екі шешуші таулы кезеңде Луценкоға қолдау көрсетіп, жалпы есепте 7-орынға ие болды.

"Мен жеңіс тұғырына шыққаныма өте қуаныштымын. Жалпы мұндай жарысты екінші болып аяқтау және кезеңдердің бірінде жеңіске жету мен үшін керемет нәтиже. Кеше айтқанымдай, бұл жарыста көптеген мықты чемпиондар болды. Сондықтан Ричи Порт және Герайнт Томаспен қатар  жеңіс тұғырына шығу - ерекше жетістік. Команда апта бойы жарысты жоғары деңгейде өткізді. Менің жігіттердің барлығына, әсіресе Йонға алғысым шексіз. Олар соңғы екі күнде маған үлкен қолдау көрсетті. Соның арқасында жеңіс тұғырына көтерілдім. Бүгінгі кезең өте қиын болды және  жарыс аяқталғанға дейін тартысты өтті. Жарыс күнін сәтті аяқтап, алға озғаныма өте қуаныштымын. Енді "Тур де Франсқа" дейін біраз демалып, қайта бабыма келемін", - деді Алексей Луценко.

Украиналық шабандоз Марк Падун қатарынан екінші кезеңде жеңіске жетті. Бұл жолы Коль де Жу План асуында жеке шабуылдан кейін үздік нәтиже көрсетті. Оның соңында, сары жейде иегерінің тобында соңғы асудың шыңына 2 шақырым қалғанда шабуылдар орын алды. Ал Йон Исагирре мен Алексей Луценко төмен түсу кезінде шабуылдады. Содан кейін Исагирре соңғы бес шақырым жарыс жолында тағы да алға озуға талпынып көрді. Дегенмен барлық фавориттер кезеңді бірге аяқтады.

Осылайша, патшалық таулы кезеңнен кейін жалпы есепте ешқандай өзгерістер орын алған жоқ. Жүлделі орынға ие болған шабандоздар тізімі келесідей: Ричи Порт –жарыс жеңімпазы, Алексей Луценко – екінші орын және Герайнт Томас – жалпы есепте 3-орын. Ал велододаны тамаша өткізген Йон Исагирре 7-нәтиже көрсетті.

"Қалай болғанда да атқарған жұмысымызға көңіліміз толады. Біз бұл жарыстан жақсы тәжірибе жинадық. Кезеңдердің бірінде Алексей Луценкомен жеңіске жеттік. Алекс Аранбурумен бірге командаға бірнеше жүлделі орындарды сыйладық. Команда жақсы жұмыс жасады, ал Алексейдің жүлделі орын иеленгені сол жұмыстың жемісі болды. Енді біз "Тур де Франсқа" еш алаңдамай дайындала аламыз", - деді Йон Исагирре.

"Расымен де команда аптаны өте жақсы өткізді және біз жетістіктерімізбен мақтана аламыз. Өзімізді осы жарыстағы ең мықты командалардың бірі екенімізді дәлелдедік. Жекелей жарыстағы бірінші және екінші орындармен, сондай-ақ Алексей Луценконың жалпы есепте екінші орын иеленгенін қанағат тұтамыз. Жарыс өте қиын болды, әсіресе соңғы екі күн. Біз соңына дейін қолдан келгенше күрестік. Йон Исагирре Алексейдің жетістігі үшін 100% жұмыс істеп, керемет бабында екенін дәлелдеді", - деп қоса кетті "Astana - Premier Tech" командасының спорт менеджері Дмитрий Фофонов.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу