"Астана" командасының шабандозы жарыс жолының соңғы екі шақырымында пелотоннан шабуылға шығып, финишке 500 метр қалғанда төрт шабандоздан құралған көшбасшы топты қуып жетті. Жойқын спринтте ол осы маусымдағы өзінің оныншы жеңісіне қол жеткізді.
- Жарыстың бастамасы айтарлықтай қиын болды. Көшбасшылар алға озу үшін біраз уақытты қажет етті. Сонымен ,ақырында алға озған көшбасшы топ негізгі топтан 6 -7 минуттай басымдылыққа ие болды. Олардың іздеріне бірнеше топ түсті. Біз алаңсыз негізгі топ арасында болып, жарыс жолының финалдық бөлігін, яғни қалаға жеткенше күтуді жөн санадық. Командадағы әріптестеріме, әсіресе Жандос Бижігітовке көмек көрсеткендері үшін алғыс айтамын. Жандос сайыс бойы жанымда болып, мені алдыңғы шептегі ең жақсы позицияға шығарды. Топта жақсы спринтерлер көп болғандықтан, шынымды айтсам, финалға ештеңе жоспарлаған жоқпын. Себебі мен спринтте фаворит емеспін. Бірақ спорттық директорымыз Джузеппе Мартинелли финишке екі шақырым қалғанда шабуылға шығып көруге кеңес берді. Ол жарыс аяқталатын қаланы жақсы біледі және өте тәжірибелі маман. Оның кеңесіне құлақ асуды жөн санадым. Мартинелли айтқан жерге жеткенде шабуылға шықтым. Пелотоннан басымдылыққа ие болып, финишке 500 метр қалғанда көшбасшы топты қуып жеттім. Ал мәреге 200 метр қалғанда спринтті бастап кеттім. Нәтижесінде жеңіске жеттім. Жоспарымыздың барлығы мінсіз орындалды. Мен үшін күтпеген жеңіс болды. Өте қуаныштымын! Бұл Ұлы чемпион Марко Пантанидің құрметіне арналған тамаша жарыс. Осы велодода Джузеппе Мартинелли үшін қаншалықты маңызды екенін білемін. Сондықтан оған жеңіс сыйлағаныма қуаныштымын! – деді Алексей Луценко.
- Марко Пантанидің мен үшін қаншалықты маңызды екенін барлығы біледі. Сол себепті мен бүгін бақыттымын! Командамызды және тамаша жеңіске жеткен Алексей Луценконы мақтан тұтамын. Біз Италияда жарыс аптасын өте керемет өткіздік. Ертең тағы бір жақсы жарыспен - "Трофео Маттеоттимен" Италидағы велододалар мәресіне жетпек. Содан кейін шабандоздарымыз Йоркширде өтетін Әлем чемпионатына аттанады, - деп қоса кетті "Астананың" спорттық директоры Джузеппе Мартинелли.
"Мемориал Марко Пантани" жарысының жеңіс тұғырын көшбасшы топта болған екі шабандоз - Диего Роза (2-орын) және Гийом Мартан (3-орын) толықтырды.
Бүгінгі "Мемориал Марко Пантани" жарысындағы Алексей Луценконың жетістігімен "Астана" маусымдағы 36-жеңісіне қол жеткізіп, команданың рекордын жаңартты.
Ермұхамед Мәулен