Алексей Луценко "Серениссима Гравел" веложарысында жеңіске жетті

1104

"Astana-Premier Tech" командасының қазақстандық көшбасшысы Алексей Луценко Италияның солтүстік-шығысында тек ақ қиыршық тас жолдар бойымен (Лидо-ди-Йезолодан Пьяццола-суль-Брентке дейін) өткен дебюттік "Серениссима Гравел" бір күндік жарысында жеңіске жетті.

Алексей Луценко "Серениссима Гравел" веложарысында жеңіске жетті

Луценко финишке 70 шақырым қалғанда жеке жойқын шабуылға шығып, із кесушілер тобынан біраз басымдыққа ие болды. Ол топ құрамында "Astana-Premier Tech" командасының тағы екі шабандозы – Давиде Мартинелли мен Самуэле Баттистелла да бар болатын. Соңғы айналымда Луценко басымдығын екі минутқа дейін жеткізді және бұл сенімді жекелей жеңіске жету үшін жеткілікті болды.

"Бұл жарыста жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын! Себебі мен үшін қиын сынақ және ұмытылмас тәжірибе болды. Мұндай жарыста жеңіске жету – бұл жеке нәтиже. Сонымен қатар команда мен біздің демеуші Wilier Triestina үшін де жақсы көрсеткіш. Мен жаңа Rave SLR велосипедіне бірінші рет міндім және ол мені бірден әдемі жеңіске жеткізді. Велодода техникалық тұрғыдан қиын жарыс бағытымен, өте тар жолдармен өтіп, көптеген бұрылыстармен қиынға соқты... Мәреге жақындағанда шабуыл жасау жоспарымызда бар еді. Бірақ мен кезекті бұрылысқа жеткенде алдыңғы қатарда болып, біраз басымдыққа ие болдым. Топта тағы екі әріптесім бар екенін біле тұра, тоқтамауды жөн санадым. Бұл менің мансабымдағы ең қиын жарыстардың бірі болды. 3,5 сағат барымды салдым. Бірақ соңында жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын", – деді Алексей Луценко.

Луценкодан кейін келген топ қалған жүлделі екі орынға таласты. Риккардо Минали мәреге екінші, Натан Хаас үшінші болып келді. Давиде Мартинелли төртінші, Самуэле Баттистелла тоғызыншы нәтиже көрсетті.

"Барлығы үшін бұл мұндай жарыстардағы алғашқы тәжірибе болды. Бірақ біз жарыс жолына тек осындай велододаларды жүріп өту үшін емес, сонымен қатар оны барынша жақсы өткіземіз деген ниетпен шықтық. Автобуста Алексей Луценконың көңіл-күйінің қандай екенін көрдім. Сондай-ақ Давиде Мартинелли де, Самуэле Баттистелла да жоғары орындар үшін сынға түсуге дайын болды. Жарыстың басында Фабио Феллине қақтығысқа тап болып, жолымыз болмады. Бұл оқиға орын алмағанда, Фабио да алда боларына сенімдімін. Жарыс өте тамаша өтті және техникалық тұрғыдан, әсіресе, сайыс басталғанда қиын болды. Бірақ өте қызықты өтті. Иә, бұл барлық шабандоздар үшін күрделі сынақ болды. Жарыс басталғаннан соңына дейін шабандоздар бар күшін сарпыды. Сондықтан жарысты чемпион дәрежесінде өткізген Алексей Луценконың өнерімен мақтанамыз. Оның мәреге 70 шақырым қалғанда жасаған жойқын шабуылы өте әсерлі болды. Бірнеше мықты командалар оны қуып жету үшін барын салды. Бірақ Луценконы ешкім қуып жете алмады. Ол мінезі мен мықтылығын паш етті. Бұл жаңа және әдемі жарыс алдағы жылдары тағы да өтуі тиіс екеніне сенімдімін. Бүгін "Серениссима Гравел" веложарысын жүріп өту үлкен қуаныш болды. Мен бұл жарыстың болашағы зор деп ойлаймын",  деді "Astana-Premier Tech" командасының спорт директоры Джузеппе Мартинелли.

"Қазақстандық велоспорт үшін тағы бір маңызды жеңіс. Алексей маусымның соңында бабының тамаша екенін паш етіп, бір аптаның ішінде екінші жарыста жеңіске жеткеніне қуаныштымын. Бұл қазақстандық спортшы мен команданың барлық жанкүйерлері үшін маусымның тамаша финалы болды", – деді бүгінгі жетістіктен кейін Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Нұрлан Смағұлов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу