Алексей Луценко "Түркия турында" жеңіске жетті

944

Алексей Луценкомен қатар "Астана" велокомандасының тағы бір шабандозы Харольд Техада да жүлделі болды.

Алексей Луценко "Түркия турында" жеңіске жетті Фото: AstanaQazaqstanTeam

Алексей Луценко Азиада ойындары аяқтала салысымен бірден Түркияға аттанған болатын. Онда шабандоз Astana Qazaqstan Team командасымен бірге  "Түркияның президенттік турының" патшалық таулы кезеңінде өте ұзақ және қиын Бабадаг тауын (18,4 шақырым, 10,3%) бағындырды. Алексей Луценко мен Харольд Техада бүкіл кезеңді, әсіресе соңғы асуды белсенді өткізді. Нәтижесінде шыңға 5 шақырым қалғанда алда тек үш шабандоз қалды - Луценко, Техада және Бен Звихофф. Жарыс жолының соңғы шақырымында Қазақстан чемпионы жойқын шабуыл жасап, жекелей жеңіске жетті. Звихофф мәреге екінші болып келсе, ал Харольд Техада үздік үштікті түйіндеді.

"Мүмкін, бұл менің мансабымдағы ең қиын асу жолы болған шығар. Бұл керемет. Бір сағатқа жуық соңғы күш қалғанша өрмелеу. Табысқа жетудің кілті күшті дұрыс пайдаланып, асу жолын жүріп өтуге байланысты жақсы жоспардың болуы. Біз ақылмен жоспарладық және соңында бәрі ойдағыдай өтті. Кезең өте қиынға соқты. Бірақ команда оны жоғары деңгейде өткізді. Жарыс жолының бірінші кезеңінде Глеб Сырица мен Микеле Гадзоли маған қолдау көрсетті. Ал финалда Харольд Техада үнемі қасымда болып, онымен бірге бізді табысқа жетелеген командалық тактиканы сәтті орындадық. Азия ойындарынан оралған соң, "Түркия турындағы" алғашқы жарыс күндері мен өзімді онша жақсы сезінбедім. Климатқа бейімделу өз әсерін тигізді. Бірақ бүгін бәрі әлдеқайда жақсы өтті. Бұл жетістікке өте қуаныштымын. Команданың шын мәнінде мықты болғанына және осындай қиын сынақта өзімізді көрсете білгенімізге қуаныштымын", - деді Алексей Луценко.

"Алексей үшін қуаныштымын. Ол бүгін ең мықты шабандоз болды және әдемі жеңіске жетті. Соңғы асуда көшбасшылар тобында екеуміз қалдық. Бір-бірімізге көмектестік, басқа бәсекелестерге жол бермеу үшін жоғары қарқынмен жүруге тырыстық. Үшеу болған кезде, қарқынды сақтау үшін көш бастадым. Өйткені артта қалған бірнеше шабандоз тобымызға қайта қосылуға тырысты. Соңғы шақырымда Алексейдің жылдамдығын сақтауға тырыстым. Бірақ күшім сарпылып, аз күш қалды. Сондықтан өз қарқыныммен жүріп, үшінші орынға ие болдым. Менің ойымша, біз бүгін жарысты өте жақсы өткіздік", - деп қоса кетті Харольд Техада.

Үшінші кезеңнің қорытындысы бойынша Алексей Луценко "Түркия турының" жалпы есебінде көш бастады. Сонымен қатар таулы аймақтың үздік шабандозы классификациясында бірінші болды. Харольд Техада жалпы есепте үшінші орынға көтерілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу