Алексей Луценко жарыс жолынан шығып қалды

833

Денсаулығына байланысты Луценко "Романдия турын" аяқтай алмайды.

Алексей Луценко жарыс жолынан шығып қалды

"Романдия Туры" Әлемдік Тур аясында өтетін көпкүндік велодода.  Жарыс жолының ұзақтығы 690 шақырымды құрайды. Велокөпкүндікке қазақстандық Astana Qazaqstan Team командасы да қатысуда. Дегенмен, команда көшбасшысы Алексей Луценко "Романдия турының" жарыс жолынан шығып қалды.

"Өкінішке орай, Алексей Луценко COVID-19-ға байланысты жарыс жолынан шығуға мәжбүр болды. Луценконың Льеж-Бастонь-Льежде ауыра бастағаны анық. Бұл көшбасшымыздың өзінің тамаша дайындығын паш етуге кедергі болды. Біз Алексейге тезірек қалпына келіп, жарыс жолына оралуын тілейміз!" – делінген велокоманданың ресми хабарламасында.

Айта кетейік, бұл жарыста Луценкодан басқа Харольд Техада, Джанмарко Гарофоли, Глеб Брусенский, Марк Кавендиш, Леонардо Бассо және Антонио Нибали өнер көрсетуде.  25-сәуір басталған көпкүндік 30-сәуір күні мәресіне жетпек.

27-сәуір күні 3-кезең аясында ұзақтығы 18,8 шақырымды құрайтын жекелей жарыс өтті. БАӘ командасының шабандоздары испаниялық Хуан Аюсо бірінші, британиялық Адам Йейтес үшінші орын иеленді. Movistar командасынан Маттео Йоргенсон мәреге екінші болып келді. Ал Харольд Техада астаналық шабандоздар арасынан ең үздік нәтиже көрсетіп, жарысты 14-ші болып аяқтады. Джанмарко Гарофоли 102-ші, Леонардо Бассо 129-шы, Антонио Нибали 133-ші, Глеб Брусенский 137-ші болып мәреге жетті.

Ал бүгін 4-кезең – Тион-2000 шаңғы станциясына көтерілумен басталады. Бұл 2021 жылғы "Романдия турының" патшалық таулы кезеңінің көшірмесі. Ол уақытта жарыс суық және жаңбырлы ауа-райында өтіп, Майкл Вудс жеңімпаз атанған болатын.

"Романдия турының" соңғы 5-кезеңі 30-сәуір күні өтеді. Бұл спринтерлер үшін жеңіске жетуге тамаша мүмкіндік болмақ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу