Хоккей лигасы чемпионатты өткізу мәселесі бойынша ҚХЛ клубтарының басшыларымен жоспардан тыс кеңес өткізді. Оның қорытындысы бойынша "тұрақты маусымды" жалғастыру туралы шешім қабылданды.
"Бүгін біз барлық клуб жетекшілерімен және РХФ өкілдерімен кездестік. Көптеген клубтардың карантинде екенін білесіздер. Бұл үрдіс одан әрі жалғасуда. Соңғы аптада коронавируспен ауырған ойыншылар мен клуб қызметкерлерінің саны 127 адамға дейін өсті. Мұндай көрсеткіш бұған дейін болған емес. Барлық ойыншылары короновируспен ауырып жатқан клубтар да пайда болды. Сондай-ақ бұл омикрон штамы ма әлде жоқ па, нақты айта алмаймыз. Дәрігерлер жұмыс жасап жатыр. Аурудың белгілері барлығында бірдей және жеңіл түрде өтуде. Барлық клубтар маусымды аяқтағысы келеді. Бүгін чемпионатты қалай жалғастырамыз деп ойладық. Клубтардың ұсынысын тыңдадық. Біз чемпионат әділ жалғасуы керек деп есептейміз. Клубтар бойынша сауалнама жүргіземіз деп келістік. Жағдайды одан әрі талқылаймыз. Қазіргі уақытта хоккейшілері коронавирус жұқтырмаған клубтар ойынын одан әрі жалғастырады деп шештік", – деді Құрлықтық хоккей лигасының президенті Алексей Морозов.
Өтпей қалған ойындардың күнтізбесі және чемпионатқа қатысты соңғы шешім Олимпиадалық үзіліс кезінде, яғни 23 қаңтардан кейін бекітіледі.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚХЛ 11 қаңтарда Нижний Новгородта өтуі тиіс "Барыстың" "Торпедоға" қарсы ойынын кейінге қалдырды. Ресейлік клуб хоккейшілерінің ПТР сынақтары оң нәтиже берді. Енді қаңтардың 13-і күні Юрий Михайлистің шәкірттері "Витязьбен" кездеседі.
Сондай-ақ хоккейден Қазақстан чемпионаты да тоқтатылған болатын. Елде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты үзілістен кейінгі алғашқы матчтар 24 қаңтарда өтуі тиіс. Еліміздегі жағдай тұрақталып, төтенше жағдай жойылғаннан кейін ғана матчтар басталады. ProLigasy чемпионатында осы күнге бес жекпе-жек жоспарланған. Сондай-ақ бұл күні JastarLigasy аясында үш кездесу өтеді.
Жаңартылған кестеге сәйкес ересектер арасында ел чемпионатының кезекті маусымы 7 наурызда аяқталады. Ал плей-офф кезеңі 11 наурызға жоспарланған. Жастар чемпионатының тұрақты маусымының финалдық ойындары 22 ақпанда, алғашқы ширек финалдық ойындар 25 ақпанда өтеді.
Ермұхамед Мәулен