Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) Қазақстанның ауыр атлетика құрамасының бұрынғы бас бапкеріне қатысты бұған дейін шығарылған өмір бойына шеттету жазасын төрт жылға дейін қысқартты. Бұл жаңалықты Қазақстан Ауыр атлетика федерациясы растады.
Алексей Ни үш Олимпиада ойындарында – Пекин (2008), Лондон (2012) және Рио-де-Жанейрода (2016) орын алған ірі допинг жанжалына қатысы бар деп айыпталған еді.
Бұл жанжалдың нәтижесінде қазақстандық спортшылардың допинг сынамалары қайта тексеру кезінде оң нәтиже көрсетіп, олардың Олимпиада медальдары қайтарылып алынды.
Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) осы жағдайға байланысты Алексей Ниді допингке қарсы ережелерді бұзды деп танып, оны бастапқыда өмір бойына спорттан шеттету туралы шешім қабылдады.
Алексей Ни тікелей спортшыларға допинг берді деген нақты дәлелдер жоқ. Бірақ, ол Қазақстан ауыр атлетика құрамасының бас бапкері ретінде допинг бағдарламаларына қатысы бар деп айыпталды.
Алексей Ниге тағылған негізгі айып – ұлттық құраманың басшысы ретінде команданың допинг жүйесіне көз жұма қарағаны немесе оған қолдау көрсеткені болды.
Допинг қолдану туралы нақты нұсқауларды ол берді ме, жоқ па, бұл тергеу материалдарында нақты көрсетілмеген. Бірақ бас бапкер ретінде ол жауапкершілікті өз мойнына алды.