Алексей Оверчук: ЕАЭО-ның мақсаты – Кеңес одағын қалпына келтіру емес

3413

РФ Үкімет төрағасының орынбасары одаққа бұрынғы КСРО құрамында болмаған елдер де кіре алатынын айтты.

Алексей Оверчук: ЕАЭО-ның мақсаты – Кеңес одағын қалпына келтіру емес

Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұйымдастырылған конференцияда Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттары талқыланды. Қос тараптың белді ғалымдары жиналған шараға Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов және Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук те қатысты. Соңғысы Еуразиялық экономикалық одаққа үлкен сенім артылып отырғанын жеткізді. Себебі түсінікті. Ресей мен Беларусь батыс санкцияларының құрсауында қалып отыр. Бұл одаққа мүше өзге елдерге де теріс әсер етуі мүмкін.

"Сондықтан мұндай күрделі кезеңде одақ жұмысын одан әрі жандандырудың маңызы зор. Болашақта ЕАЭО-ға бұрынғы КСРО құрамында болмаған елдер де кіре алады. Өйткені одақ тұтас Еуразия құрлығында үйлесімді экономикалық қатынастарды қалыптастыру үшін жұмыс істеуде. Біздің мақсатымыз – өзгелер айтып жүргендей Кеңес одағын қалпына келтіру емес. Бұл ұйымға интеграциялық бірлестік ретінде қараған жөн. Оның негізгі мақсаты – Еуразия аймағындағы елдердің тәуелсіздігіне құрметпен қарау негізінде дәл осы құрлықта үйлесімді экономикалық қатынастарды қалыптастыру. Сондықтан алдағы уақытта одаққа КСРО құрамында болмаған мемлекеттер де мүше болып жатса таң қалудың қажеті жоқ", – деді Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук.

Еске сала кетейік, бүгінде ЕАЭО-ға Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Армения және Беларусь елдері мүше. Молдовия, Өзбекстан және Куба "бақылаушы мемлекет" мәртебесіне ие.  

Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Дипломатиялық байланыстар орнаған отыз жыл ішінде қос мемлекет те стратегиялық әріптестік пен одақтастықты қалыптастыруда айтарлықтай табысқа қол жеткізді.

"Былтыр пандемия дағдарысынан кейін елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық серпіні біртіндеп қалпына келді. Соның нәтижесінде 2021 жылдың қорытындысы бойынша қос мемлекет арасындағы тауар айналымы 29 пайызға өсіп, 24,2 млрд долларды құрады. Ковидтен кейінгі кезеңге қарамастан, сауда саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткіздік. Мәселен, Қазақстанның Ресейге бағытталған экспорты былтыр 38,1 пайызға өсіп, 6,9 млрд долларға тең болды. Ал импорт көлемі 25,8 пайызға ұлғайып, 17,3 млрд долларды құрады", – деді Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі.

Деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда ресейлік компаниялар Қазақстан экономикасына салынған қаражат көлемі бойынша негізгі инвесторлардың бестігіне кіреді (16,5 млрд доллар). Жалпы Қазақстандағы ресейлік әріптестермен өзара іс-қимыл жасай отырып, 13 маңызды бірлескен жоба іске асырылыпты. Бірқатар негізгі салаларда 4 млрд долларға жуық тағы 20 ірі жоба іске асырылуда һәм пысықталуда.

Сондай-ақ Ресей Қазақстандағы шетелдік капиталы бар кәсіпорындар саны бойынша сөзсіз көшбасшы болып саналады. Бүгінгі таңда Қазақстанда Ресейдің қатысуымен 8 мыңға жуық (7 933) кәсіпорын және 3 мыңнан астам (3 343) бірлескен қазақстандық-ресейлік кәсіпорны жұмыс істейді. Машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі және тағы да басқа салаларда шамамен 2,6 млрд долларға бірлескен 8 ірі жоба іске асырылуда. Шамамен 1,4 млрд долларға тағы 11 жоба пысықтау сатысында тұр. Б.Сұлтановтың пікірінше, осының бәріне көп жағдайда Еуразиялық экономикалық одақ ұсынатын мүмкіндіктер ықпал еткен.

Мәселен, техникалық реттеу саласында біздің кәсіпкерлер өнім қауіпсіздігіне қойылатын қосымша талаптарды орындаудан (техрегламенттерден басқа), сәйкестікті бағалаудың артық рәсімдерін жүргізуден босатылған. Бүгінде ЕАЭО-ның басқа төрт елінде еркін сауда жасау үшін одаққа мүше елдердің бірінен бірыңғай нысан бойынша сәйкестік сертификатын алу жеткілікті. Сонымен қатар ЕАЭО қызметтерінің ортақ нарығы қалыптасуда. Ол 55 қызмет секторын қамтиды. 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап бірыңғай қызметтер нарығы жұмыс істейтінін де атап өту керек. Бұл тізімге салық салу, құрылыс және бағдарламалық қамтамасыз етуді қолдану саласындағы қызметтер, басқару мәселелері бойынша консультацияларға байланысты қызметтер, ойын-сауық пен спортты, сондай-ақ демалыстың басқа да түрлерін ұйымдастыру жөніндегі қызметтер кіреді.

ЕАЭО құрылған кезден бастап Қазақстан үшінші елдер мен ЕАЭО-ға мүше елдердің нарықтарына жоғары және орташа деңгейде өңделген тауарлардың экспортын айтарлықтай арттырған. Мысалы, одақ жұмысқа кіріскен сәттен бері қазақстандық өңделген өнімнің ЕАЭО-ға мүше елдерге бағытталған экспорты 64,3 пайызға өсті (2015 жылы – 2,8 млрд доллар, 2021 жылы – 4,6 млрд доллар). Ал тұтастай алғанда, Қазақстанның ЕАЭО елдеріне экспорты 55,1 пайызға ұлғайды (2015 жылы – 4,9 млрд доллар, 2021 жылы – 7,6 млрд доллар). Бұл ретте экспорттың тауар желісін дайын тауарларға қарай әртараптандыру белсенді жүріп жатыр.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу