Алексей Шпилевский: "Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығу үшін барымызды саламыз"

2440

"Қайрат" Түркиядағы оқу-жаттығу жиынын аяқтады.

Алексей Шпилевский: "Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығу үшін барымызды саламыз"

"Қайраттың" бас бапкері Алексей Шпилевский клуб арнасына берген сұхбатында оқу-жаттығу жиынының нәтижелерін қорытындылап, Сүйімбаев пен Әбікеннің оралуы, алға қойған мақсаттары жайлы, сонымен қатар Мамбаның трансфері туралы ашық айтты.

- Жалпы ОЖЖ қалай өтуде? Жаңадан келген ойыншылар мен шабуылшыларды қалай бағалайсыз?

- Бапкер болған жағдайға ешқашан қанағаттанбайды, оның ішінде мен де бармын. Мұнда жұмыс істеп, дамытатын нәрселердің бар екені анық. Матчтардың нәтижелері біз ойлағандай болмады. Олар көптеген жігіттерге мүмкіндік берді. Данияр Үсенов, Андрей Ульшин, Арсен Буранчиевке сенім арттым. Сондықтан біз Гуральскийдің позициясына жаңа ойыншы алмаймыз. Олар оны лайықты түрде алмастыра алады. Бізде Айбол Әбікен де бар. Дайындық жүріп жатыр. Нәтиже жылдың соңында және жазда біз еурокубокте ойнаған кезде маңызды болады. Біз жыл бойына тек алға жылжитын боламыз. Егер үш жыл бұрынғы "Қайратпен" қазіргі команданы салыстыратын болсақ, онда бұл мүлдем басқа команда. Біздің пассивті футболға көшіп, тек қорғаныс арқылы ойнауымызға болады. Бірақ олай жасамаймыз. Біз шабуыл жасағымыз келеді, команда ретінде қысым көрсетуге тырысамыз. Алайда кейбір жігіттер кешігіп жатады. Біздің жас футболшылар әлі қажетті деңгейге ие болған жоқ. Тәжірибе маңызды болды. Әлсіз қарсыластармен ойнап, бәрі жақсы аяқталды деп айту мағынасыз болар. Әр жеңілістен көп ақпарат алуға болады.

- Ғафуржан Сүйімбаев пен Айбол Әбікен жарақаттарынан айығып жатыр. Олар Суперкубок ойындарына дейін дайын бола ма?

- Айболдың бұл матчқа қатысу мүмкіндігі жоғары. Қазір оның жағдайы жақсы. Ол сауығуда және біз асықпаймыз. Ғафурдың жағдайы нашар, бірақ ол бізге Суперкубок ойындарында көмектеседі деп үміттенеміз.

- Алдағы маусымға қойған мақсатыңыз қандай?

- Әрқашан жоғары мақсаттарға жеткіміз келеді. Біз әр кездесуде жеңіске жетуге тырысамыз. Мұның қалай болатынын көре жатармыз. Жігіттердің көңіл-күйі жақсы. Мен ештеңені уәде еткім келмейді. Бірақ команда әр кездесуде жеңіске жету үшін күреседі.

- Жалақы балансын құру Қазақстандағы футболға қалай әсер етеді?

- Әр клуб ойлануы керек. Қайрат Советайұлы "Қайратты" сегіз-тоғыз жыл бұрын қабылдаған. Ол академия салды. Бұл осындай жағдайлар орын алғанда қажет болады. Бізде бұл жағдайда өз септігін тигізетін іргетас бар. Әрбір клуб академия салып, жоспар құруы керек.

- Штрели Мамба команда философиясына сәйкес келе ме? Оның бейімделуі үшін қанша уақыт керек?

- Біз Штрелиді дәл осы философиямыз үшін таңдадық. Мен онымен Германияда кездестім. Оны қызықтыру оңай болған жоқ. Өйткені ол Қазақстан туралы ештеңе білмеді. Штрелидің басқа да ұсыныстары болды. Бундеслигада ойнап жүргенде, Мамба "Кельнге" ауысуға бір табан жақын болған. Олар оны жақсы сомаға сатып алғысы келді. Бұл келісім жарақаттың салдарынан орын алмады. Содан кейін оның командасы екінші Бундеслигаға ұшты. Әрі қарай, бапкер оның "Падерборннан" кететінін түсініп, оны негізгі құрамға сирек шығара бастады. Алғашқы жаттығулар мен матчтарда оның оңтайлы формадан алыс екендігі көрініп тұрды. Бұл уақытты қажет етеді. Ең бастысы, ол жаттығу жасауға және алға қарай жылжуға дайын. Біз сенімділікті оятуға тырысамыз. Штрелидің бізге көмектесетініне сенімдімін.

- Вагнер Лавтың алаңда және одан тыс жерлерде тигізетін әсері қандай?

- Мен кіммен сөйлессем де, оны әрқашан мысал ретінде айтамын. Ол керемет футболшы. Мен 36 жасында көптеген титулдарды жеңіп алған, ең жақсы футболшылармен ойнаған Вагнер Лав кез-келген жаттығуды барын салып орындайды деп ешқашан ойлаған емеспін. Мұны серіктестері жақсы сезінеді. Бізде ұжымдық футбол бар және ол Вагнердің арқасында екі еселенеді. Ол доппен керемет ойнайды және керемет пас беруді біледі. Вагнер Лав үнемі көңілді жүреді. Оның бұл қасиеті барлық ойыншыларға сенім мен мотивация береді.

- "Қайрат" Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама ала ма?

- Мен ештеңе уәде етпеймін. Бірақ бізде мүмкіндік бар және біз оны пайдалануға тырысамыз. Ол үшін бәрін жасаймыз.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу