"Қайраттың" бас бапкері Алексей Шпилевский алматылықтардың чемпиондыққа деген мүмкіндіктерін бағалады.
- Алдағы чемпионат пен Еуропа лигасындағы матчтардан не күтесіз?
- Біз "Қайсармен" болатын өте қиын кездесуге дайындалып жатырмыз. Ол ойын осы сенбіде өтеді. Бұл бізбен терезесі тең команда. Содан кейін матчтан матчқа ауысатын боламыз. Барлық ойыншылар аман-есен оралады деп сенемін.
- Денис Поляковтың трансфері туралы не айта аласыз?
- Өте жақсы трансфер болды. Мен бұған ризамын. Ол бізге ауыспас бұрын онымен жиі хабарласатынмын. Оның адамгершілік қасиеттері жоғары. Өте шыншыл, ашық және ақылды жігіт. Денис біздің команда үшін 100% қосымша күш.
- Чемпиондық туралы әңгіме айта берсек бола ма?
- Жоқ, бұл чемпионаттың бастамасы ғана. Мен бұл туралы сөйлескім де, ойлағым да келмейді. Өткен маусымды еске түсірсеңіз. 12 турдан кейін бізді есептен шығарып тастады. Өйткені чемпионат көшбасшысынан үлкен алшақтық болды. Дегенмен біз оларды қуып жеттік. Бірақ ақыр соңында бәрінен айырылып қалдық. Күн сайын жаттығамыз. Соңында не болатынын көре жатармыз.
- Вагнер 36 жаста және ол бес матчта біраз нәтижелі жұмыс атқарды...
- Вагнер - шебер шабуылшы. Оны командаға аламыз дегенде ешкімнің күмәні болған жоқ. Біздің күмәнданғанымыз - оның қазіргі жағдайы. Таңғы жаттығуға сүйене отырып, оның бабының күннен күнге жақсарып келе жатқанын байқауға болады. Біз оны команданың "екінші тынысы" деп атаймыз. Бұл тек батсамасы ғана.
- Биыл команда жиналып, сіздің философияңызды түсінді деп айта аламыз ба?
- Әрқашан жақсартуға болатын дүниелер бар. Бір-екі жылдан кейін де осылай болады. Бір-бірімізге үйреніп қалғанымыз анық. Жігіттер біздің талаптарымызды жақсы түсінеді. Менталитет тұрғысынан алып қарасақ та командамыз өте жақсы. Олар кез-келген жаттығуда бар күшін салады және бірін-бірі құрметтейді. Футбол - бұл командалық спорт. Сондықтан мен мұны түсінгендеріне қуаныштымын.
Естеріңізге сала кетсек, "Қайрат" 18 ұпаймен чемпионатта "Қайсардан" бес ұпайға және "Астанадан" жеті ұпайға озып келеді.
Ермұхамед Мәулен