"Қайраттың" бас бапкері Алексей Шпилевский Премьер-лиганың сегізінші турындағы "Ордабасыға" қарсы өткен ойын (3:0) туралы пікір білдірді.
"Барлығын жеңіспен құттықтаймын! Ойын туралы егжей-тегжейлі айтпай-ақ қояйын. Киім ауыстыру бөлмесінде мен жігіттерге бізді ешкім де, ештеңе де өлтірмейді деп айттым, олар алаңға шығып осыны дәлелдеді. Мен оларды мақтан тұтамын, ойыншылар тактикалық, физикалық және психологиялық тұрғыдан біз сұраған барлық нәрсені 100 пайызға орындады. Жігіттер соңғы турлардағы нашар нәтижеге дұрыс реакция танытты. Біз енді демалуға мүмкіндік алдық және өз ойынымызбен мақтана аламыз. Ал ертең өзімізді қалыпқа келтіріп, сырт алаңда өтетін қиын матчқа дайындаламыз", - деді "Қайраттың" бас бапкері Алексей Шпилевский.
Естеріңізге сала кетсек, "Қайрат" Қазақстан Премьер-лигасының сегізінші туры қарсаңында шымкенттік "Ордабасыны" қабылдады. Алматыдағы Орталық стадионда өткен кездесу 3:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Ойынның 24-минутында "Қайраттың" шабуылшысы Вагнер Лав қызыл қағаз алды. Бірақ Шпилевский шәкірттері шабуыл жасауын тоқтатпады. 61-минутта Гүлжігіт Алықұловтың пасынан кейін Адеринсола Эсеола көзге түсті. Ал 89-минутта алаңға қосалқы құрамнан шыққан Штрели Мамба есепті еселеді. Ойын аяқталды ма деп едік, 94-минутта Хосе Канте командасының үшінші голын соқты.
Үш ұпай еншілеген алматылық ұжым үшінші орынға көтерілді (15 ұпай). Александр Седнев жаттықтыратын "Ордабасы" 13 ұпаймен алтыншы орынға сырғыды. Шымкенттік команда өзінің басты бәсекелестерінен жеңілуде. Осыған орай команданың бас бапкері Александр Седнев соңғы ойынға қатысты өз пікірін білдірді.
"Әлбетте, мен мұны ойын жағынан да, есеп жағынан да ауыр жеңіліс деп айтар едім. Бұл әрбір ойыншыға және клубқа ауыр соққы болып тиді. Басқа пікірдің болуы мүмкін емес екендігі түсінікті. Бұл үлкен жауапкершілік және команданың жаттығудағы бапкері ретінде маған сенім артылған. Маған қазір орын алған жайттың себептерін бағалау қиын. Дұрысырақ айтқанда, бұл бүгін ғана туындаған мәселелердің нәтижесі емес. Біз ментальді түрде жеңіліс таптық. Бүгін екі түрлі деңгейдегі командалар бақ сынасты. Бірі қатты жеңіске жеткісі келді. Екіншісі болса мүлдем белсенді болмады. Әсіресе шабуылда. Бәлкім, қорғаныс пен шабуылда тым оңай ойнағандықтан болар. Бізге шығындарымыздың орнын толтыру өте қиын және бұл әсіресе бізден жоғары деңгейдегі командалармен болатын қақтығыстарда айқын көрінеді. Өз деңгейіміздегі немесе бір саты төмен тұрған командаларды қалайда болсын ұтатын болсақ, бүгінгідей қарсыластармен ойындарда мәселелер жетіп артылады. Мен бұл соққы көпшіліктің есін жидырады және біз асыра сілтенген ойын бағамызды түсіреміз деген үміттемін. Біз өз айыбымызды өтей аламыз деп сенемін", - деді Александр Седнев.
Ермұхамед Мәулен