Әлем біріншілігі дау-жанжалмен басталды

kommersant.ru kommersant.ru
5424

Аустрияның Ұлттық допингке қарсы агенттігі Қазақстан биатлоншылары допинг қабылдады деп күдіктеніп отыр.

Әлем біріншілігі дау-жанжалмен басталды Фото: almaty2017.com

Биатлоннан өткен әлем біріншілігінің алдында Аустрия полициясы Хохфильценде Қазақстан құрамасының тұрғын жайына тінту жүргізді. Іс-шара барысында допинг қабылдады деп күдіктенген Қазақстан спортшыларынан біраз медициналық дәрі-дәрмек тәркіленді. Сондай-ақ делегация мүшелерінің ұялы телефондары алынды.  Алайда спортшылар әзірге біріншілікке қатысудан шеттетілген жоқ.

Сәрсенбі күні кешкісін биатлоннан Қазақстан құрамасының мүшелері жайғасқан қонақүйге полиция басып кірді. Құқық қорғау органы Инсбрук прокуратурасының тінтуге рұқсат беретін ордерін көрсетті. Шығыс Тироль өңірінің тұрғыны бірнеше микроавтобустан түскен жолаушының жанар-жағармай бекетінде үлкен картон қорабын лақтырғанын байқап, прокуратураға хабарлайды. Хабарламаны алған полицейлер оқиға болған жерге жетіп, қораптың ішінен шприц, ампула, сондай-ақ Халықаралық биатлоншылар  кеңесінің түрлі іс-шарасына тіркеу қағазын анықтайды. Бұл жай допинг қабылдады деген күдіктің тууына негіз болды.

"Қонақүй бөлмесіне 8 ақпан күні кешкісін Тироль қылмыстық істер мекемесімен бірлесіп, тінту жүргізілді. Бұған жалпы саны 30 полиция қызметкері қатыстырылды. Бірталай медициналық дәрі-дәрмек пен ұялы телефон тәркіленді. Халықаралық биатлоншылар кеңесі (IBU) және Аустрияның Ұлттық допингке қарсы агенттігінің (NADA Austria) келісімімен барлық спортшыдан зәр мен қан алынып, талдауға жіберілді", – деп мәлімдеді полиция өкілдері. Сондай-ақ табылған айғақ заттар іске дәл осы Қазақстан құрамасының қатысы бар деуге негіз болғанын айтады.

Қазіргі кезде алынған медициналық материалдар талдаудан өткізу үшін NADA Austria-ға тапсырылды. Агенттік алынған қан мен зәрде допинг белгілерінің бар-жоғын анықтағанға дейін Қазақстан спортшылары тәртіп бұзды деп айыпталмайды. Сондықтан IBU-дың мәлімдемесімен Қазақстан құрамасы қазір әлем біріншілігіне қатысушылар қатарында.

Қазақстан биатлон федерациясының бас хатшысы Манас Үсенов Хохфильценде әлем біріншілігі қарсаңында Қазақстан құрамасынан тыйым салынған препараттардың табылуына қатысты жағдайға өз пікірін білдірді.

"23 қаңтарда Инцель қаласының (Рупольдингке жақын) жанармай құю бекетінің бірінде біздің команданың дәрі-дәрмек қалдықтары мен тіркеу құжаттары салынған қорап анықталды. Кешегі біздің командаға жүргізілген тінту осы жайға байланысты болды. Полиция біздің команда жайғасқан қонақүйге келіп, бөлмелерге тінту жүргізді.  Сондай-ақ аустриялық НАДА барлық спортшыдан допинг-тест, ДНҚ талдауын алды. Біз соның нәтижесін күтіп отырмыз және спортышларымыздың адалдығына сенімдіміз.

Маған берілген ақпаратқа сәйкес, табылған дәрі-дәрмектің ішінде тыйым салынған препараттар болған жоқ, ал командамыз пайдаланатын дәрі-дәрмекке рұқсат етілген құжаттар бар. Бұл кеше тінту кезінде табылған дәрі-дәрмекке де қатысты. Біздің ашылу салтанатына қатыса алмауымыз бұл жайға еш қатысы жоқ, спортшыларымыздың көпшілігі Алматыдағы Универсиададан енді ғана келді. Олар бүгінгі аралас эстафетаға қатыспайды. Команданың көңіл-күйі бірқалыпты, барлығы өзінің кінәсіздігіне сенімді, сондықтан ешкім күйгелектік танытып отырған жоқ", – дейді Манас Үсенов "Чемпионат" тілшісі Александр Кругловқа берген сұхбатында.

Қазақстан биатлоншысы Ольга Полторанина 8 ақпанда Қазақстан құрамасы тоқтаған қонақүйде жүргізілген тінтуге қатысты пікір білдірді.

"Біз өзімізге 100% сенімдіміз. Олар ештеңе таппайды. Бізге ештеңе айтпай, жинады да алып кетті. Жаттықтырушыларға түсіндірген шығар, бұл қандай препараттар екені жайлы біз ештеңе білмейміз", – дейді Ольга Полторанина.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу