Әлем біріншілігіне Қазақстанның негізгі және U-19 құрамасы бірге аттанды

1732

Қазақстан Ұлттық құрамасы 29 қаңтар мен 5 ақпан аралығында Швецияның Сандвикен қаласында өтетін Әлем чемпионатына аттанса, 19 жасқа дейінгі жастар құрамамыз 2017 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысу үшін Ресейдің Сыктывкар қаласына ұшты.

Әлем біріншілігіне Қазақстанның негізгі және U-19 құрамасы бірге аттанды

Қазақстан (U-19) құрама командамыз қатысатын Сыктывкар қаласындағы әлем чемпионатына 4 команда ғана қатысатын болғандықтан бұл бәсеке 3 күнге ғана созылады. Біздің командадағы ойыншылардың 100 пайызы қазақ мектебінің түлектері. Өздеріңізге белгілі Оралдың "Ақжайық" клубынан басқа, елімізде бұл спорт түрі жоқтың қасы.

Біздің елде бұл спорт түріне онша мән де беріліп жатқан жоқ, тіпті кей адамдар осындай спорттың түрі бар екенін де білмейді. Соған қарамастан Оралдың "Ақжайығы" және оның жетекшілері қанша қиындықты бастан өткеріп жатса да тастамай, намысқа тырысып, осы күнге дейін сүйрелеп келеді.

Тіпті осы "Ақжайық" командасының құрылғанына 40 жыл болғанын да көпшілік біле бермейді. Иә, Оралдың "Ақжайығына" расында 40 жыл толды. Осы мерейлі датаға байланысты Орал қаласындағы "Стеновик" стадионының мұз айдынында 40 жыл өмірін осы бенди ойынына арнаған ардагерлер мен жастар арасында жолдастық матч өтті. Сол ойынның алдында команда жетекшілері, "Ақжайық" клубының іргетасын қалаған ардагер хоккейшілер мен жаттықтырушылар А.Р. Бурый, М.П.Адаев, В.П.Стариченков, В.А.Суетин, А.Г.Землянов, В.Н.Немолочнов,С.К.Абрамичевтерге алғыс айтып, сыйлықтар табыс етті.

Салтанатты марапаттаудан кейін мұз айдынына белгілі ардагер ойыншылар Марсель Кигбаев, Сәкен Нұғманов, Сергей Токмаков, Ирболат Темірғалиев, Владимир Кожевников, Николай Шавалдин, және "Ақжайықтың" жастар құрамасы шықты. Бұл матчта ойын техникасы мықты ардагерлер жеңіске жетті. Ал ардагер ойыншы Марсель Кигбаев ең көп гол соғып, матчтың бомбардирі атанды.

Біз де Орал допты хоккейіне өз үлесін қосқан барлық ардагерлер мен "Ақжайық" командасын мерейлі тойларымен шын жүректен құттықтаймыз. Команда "жеңістен жеңіске жете берсін, команданың жеңісі – қазақ елінің жеңісі!", - деп қуаныштарыңызға ортақ екенімізді білдіргіміз келеді.

Осылайша Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатына көтеріңкі көңіл күймен аттанды. Біздің жастар мына құрамда айдынға шығады:

Ахметжанов Бержан – қақпашы, Гущин Андрей – қорғаушы, Киямов Денис-қорғаушы, Ракишев Бақтияр – қорғаушы, Бөкешов Нұрбол – жартылай қорғаушы, Каниятов Артур – жартылай қорғаушы, Качурин Владимир – жартылай қорғаушы, Оралов Дәурен – жартылай қорғаушы, Оралов Қажымұқан – жартылай қорғаушы, Сандыбаев Асланбек – жартылай қорғаушы, Сейілов Тимур – жартылай қорғаушы, Тельманов Тимур – жартылай қорғаушы, Усков Дмитрий – жартылай қорғаушы, Өтегенов Бауыржан – жартылай қорғаушы, Амангелдиев Ершат – шабуылшы, Малышев Андрей – шабуылшы.

Команданың орта жасы 17-де, ең үлкені 19 жастағы Тимур Сейілов және ең кішісі 15 жасар Денис Киямов.

Команданың бас жаттықтырушысы – Александр Рожков және көмекшісі, бапкер – Зәкіржан Артықов.

Соңғы рет жастар арасындағы әлемдік ашық біріншілік 2010 жылы Ресейдің Ульяновск қаласында өткен болатын. Ол кезде чемпионатқа 5 команда қатысқан еді. Біздің жігіттер өкінішке қарай, бұл бестікте айтарлықтай нәтиже көрсете алмай, соңғы орынды місе тұтқан еді.

Норвегия (U-19) – Қазақстан (U-19) 4:1

Қазақстан (U-19) – Швеция (U-19) 0:6

Финляндия (U-19) – Қазақстан (U-19) 6:1

Қазақстан (U-19) – Ресей (U-19) 0:8

Бұл ашық біріншілікте Швеция чемпион атанды, Ресей екінші, Финляндия үшінші орын алған болатын.

Ал осы жылғы Сыктывкардағы әлем біріншілігінде, біздің бас бапкер Александр Рожков алдыңғы үштікке кіруді көздеп отырғанын айтты. "Биыл біздің құрама 2010 жылғымен салыстырғанда әлдеқайда мықтырақ десем қателеспеспін, мүмкін допты хоккейге қызығушылық таныта бастаған жастар саны көбейгеннен болар, әйтеуір қазіргі команданың аяқ алысы мені қуантады", - деді Сыктывкардағы жарыс алдындағы баспасөз отырысында сөз алған бапкер.

Жарысты ұйымдастырушы комитеттің төрағасы Молотков Юрий Алексеевич те осы отырыста Қазақстан құрамасына сәттілік тіледі: "Мені қазақ бендиінің "соққан жел секілді" жылдам дамып келе жатқаны қуантады. Сендердің ағаларың, негізгі Қазақстан құрамасын айтып отырмын – қазіргі таңда әлемдегі ең үздік төрт мемлекеттің арасында. Сендер де намысты қолдан бермей, ағаларыңнан асып түсесіңдер деп сенемін!", - деп қайырды сөзін төраға Юрий Алексеевич.

Сонымен қатар, ол осы чемпионаттың ойындарын онлайн-режимде тікелей көруге болатынын еске салып өтті.

Қазақстан жастары алғашқы матчын әлем чемпионы Швеция құрамасымен өткізеді, басталуы 27 қаңтар күні, Астана уақытымен 15.00-де. Және сол күні 23.00-де Финляндияға қарсы ойнаймыз. Ал келесі күні 28 қаңтарда тағы екі матч өткізеді. Сағат 13.00-де айдын иелері Ресей құрамасымен сынға түссек, кешкі сағат 17.00-де Қазақстан жастарын Норвегия күтеді.

Жеңген командалар финалда ойнайды, жеңілгендері 3-ші орынды сарапқа салады.

Енді біздің негізгі ұлттық құрамаға тоқталар болсақ, әлем чемпионаты 29 қаңтар мен 5 ақпан аралығында Швецияда өтеді. Қазақстан құрамасы элиталы девизион "А" тобында ойнайды. Біздің топта әлемнің ең үздік деген 8 командасы өзара сынға түседі: Олар, Ресей, Швеция, Қазақстан, Финляндия, Норвегия, Беларусь, АҚШ және былтырғы турнирде төменгі "В" тобынан суырылып шыққан Германия құрама командасы.

Төменгі "В" тобында биыл 10 команда өнер көрсетеді: Венгрия, Жапония, Голландия, Моңғолия, Сомали, Қытай, Украина, Чехия, Эстония және Канада құрама командалары бар.

Қазақстандықтар алдыңғы жылы Финляндияны жеңіп, 3-орын алған болатын, алайда былтырғы әлем біріншілігінде 4-орын алып қалды. Жартылай финалда Ресейден ұтылды (6:16), бұдан соң 3-орын үшін өткен ойында Швециядан 0:4 есебімен жеңілді. Бірақ осы нәтижеге қарап отырып, "біздің команда әлсіз екен", - деп ойлайтын шығарсыз. Жоқ, олай емес. Элиталы топтағы қалған командалардың бәрін ірі есеппен жеңгенін ұмытпайық.

Былтыр финалда Ресей мен Финляндия кездесіп 6:1 есебімен орыстың мерейі үстем болды.

Ал енді биылғы чемпионаттың ойын кестесіне назар аударыңыз:

(басталуы Астана уақытымен көрсетілген)

29 қаңтар, 20:00 Швеция — Финляндия

30 қаңтар, 18:00 АҚШ — Беларусь, 21:00 Германия — Норвегия, 00:00 Қазақстан — Ресей

31 қаңтар, 15:00 Беларусь — Германия, 18:00 Норвегия — АҚШ, 21:00 Ресей — Финляндия, 00:00 Швеция — Қазақстан

1 ақпан, 15:00 Беларусь — Норвегия, 18:00 Германия — АҚШ, 21:00 Қазақстан — Финляндия, 00:00 Ресей — Швеция

2 ақпан ¼ ширек финал:

15:00 A3-B2,

18:00 A4-B1

21:00 A2-B3

00:00 A1-B4

4 ақпан

15:00 7−8 орындар үшін

18:00 5−6 орындар үшін

Жартылай финалдық матчтардың басталуы, кейінірек телеарналардың уақыт кестесімен сәйкестендіріледі.

5 ақпан

17:00 – 3-орын үшін

21:00 – Финал

Естеріңізге саламыз, Допты хоккейден әлем чемпионаты осымен 37-інші рет өткелі отыр. Ал Швеция әлем чемпионатын осымен 11-рет қабылдап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу