Қос құрама арасындағы матч тартысқа толы болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өйткені, жасыл алаңда әлемнің үздік құрамалары кездесті. Бразилияға қарсы Эрлинг Холанд бастаған норвегиялық футболшылар лайықты қарсылас атанды деуге негіз бар.
Бір ескерте кетерлігі, ойынға бразилиялық құрама сапынан алған жарақатына байланысты қорғаушы Уэсли, жартылай қорғаушы Лукас Пакета, шабуылшы Рафинья қатыса алмады.
Бірінші таймда таблоға еш өзгеріс енбеді. Екінші кезеңде Норвегия да, Оңтүстік Америка құрлығының өкілдері де шабуылды үдетті. Десе де, норвегиялық футболшылар қарымта шабуылға көбірек көңіл бөлді. Сол себепті, Эрлинг Холанд 79-минутта мергендігімен танылса, 90-минутта ол екінші мәрте қақпа торын тулатты. Нәтижесінде ол биылғы әлем біріншілігінде 5 гол соғып отыр. Ал 99-минутта Неймар пенальтиден есеп айырмасын қысқартты.
Осылайша, Норвегия құрамасы Бразилияны 2:1 есебімен жеңіп, 1/4 финалға жолдама алды.
Жаза кеткен жөн, осыған дейін қос құрама 2 рет кездескен еді. Оның біреуінде Норвегия жеңсе, бір ойын тең нәтижемен аяқталды.
Бұған дейін 1/8 финалда Франция Парагвайды 1:0, Марокко Канаданы 3:0 есебімен жеңіп, 1/4 финалға шықты.