Әлем чемпионаты. Қазақстандық боксшылардың 1/2 финалдағы қарсыластары анықталды

1052

Қазақстан құрамасы жартылай финалистердің саны бойынша жалпы есепте екінші орынға жайғасты.

Әлем чемпионаты. Қазақстандық боксшылардың 1/2 финалдағы қарсыластары анықталды

Стамбулда бокстан өтіп жатқан Әлем чемпионатында Алуа Балқыбекова жартылай финалға шықты. Ол ширек финалда  үндістандық боксшы Нитуды еш қиындықсыз жеңді. Енді Алуа келесі айналымда болгариялық Севда Асеновамен кездеседі. Айта кетейік, екінші раундта қазақстандық боксшыға ереже бұзғаны үшін ескерту берілгенімен, бұл оның жекпе-жекте жеңіске жетуіне кедергі болмады.

Жеңіл салмақта өнер көрсеткен Жайна Шекербекова (52 келіге дейін) Әлем біріншілігінде ел қоржынын екінші медальмен толықтырды. Азия чемпионының қарсыласы Олена Савчук (Италия) болды. Қазақстандық былғары қолғап шебері жекпе-жекте ұпай саны бойынша жеңіске жетті.

Сонымен қатар Карина Ибрагимова да Әлем чемпионатының жартылай финалында шаршы алаңға шығатын болды. 57 келіге дейінгі салмақта ширек финалда Ибрагимова ирландиялық Микаэла Уолшпен кездесіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті. Екінші раундта Каринаның қарсыласынан ереже бұзғаны үшін ұпай шегерілді.

Әлем чемпионы Валентина Хальзова Қазақстан құрамасына төртінші медаль әкелді. 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ширек финалда қазақстандық боксшы аустралиялық Кей Скотты тізе бүктірді.

Тағы бір Әлем чемпионы Дина Жоламан 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ширек финалда сербиялық Елена Зекичті 3:2 есебімен ұтты. Екінші раундта екі боксшыға да төреші ескерту жасады. Зекич екі, ал қазақстандық боксшы бір сары қағаз алды.

Қазақстандық боксшылардың жартылай финалдағы қарсыластары:

48 келіге дейін: Алуа Балкибекова - Севда Асенова (Болгария)

52 келіге дейін: Жайна Шекербекова - Джутамас Джитпонг (Таиланд)

54 келіге дейін: Дина Жоламан - Лакрамиоара Перишоч (Румыния)

57 келіге дейін: Карина Ибрагимова - Лин Ю-Тин (Тайбэй)

70 келіге дейін: Валентина Хальзова - Альсинда Хелена Пангуан (Мозамбик)

Финалдық жекпе-жектер 19-20 мамырға жоспарланған. Турнирдегі жартылай финалистердің саны бойынша жеті спортшымен Түркия құрамасы көш бастаса, Қазақстан екінші орынға жайғасты. Таиланд пен Үндістаннан үш боксшыдан, Өзбекстан, Бразилия, Италия, Ирландия, Алжир, Канада, Мозамбик және Польшадан екі боксшыдан, Болгария, Аргентина, Испания, Колумбия, Румыния, Тайвань, Косово, АҚШ, Панама, Франция, Аустралия, Литва, Марокко және Нидерланды құрамаларынан бір-бір боксшы 1/2финалда сынға түседі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу