Әлем чемпионатына 48 құрама қатысады

1825

2026 жылғы әлем чемпионатына 48 команда қатысады. Бұл туралы FIFA ресми түрде хабарлады. 

Әлем чемпионатына 48 құрама қатысады

Футболдан әлем чемпионаттары 1930 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Алғаш Уругвайда өткен доп додасына 13 құрама еш іріктеусіз қатысса, одан кейін 1982 жылға дейін 16 құрама өз аймақтарындағы іріктеуден кейін додаға түсіп жүрді. 1938 жылы – Австрия саяси жағдайға, 1950 жылы Үндістан, Түркия және Шотландия өздері бас тартуына байланысты қатысушылар саны азайды. 1982-1994 жылдар аралығында әлемдік доданың финалдық кезеңіне 24 құрама қатысты. 1998 жылдан бері 32 команда бақ сынап келеді.

Финалистер саны көбейетіні туралы өткен жылдың күзінде айтыла бастаған-ды. FIFA-ның арнайы жиналысында бұл ұсыныс талқыға түсті, жақтағандар көп болды. Ақыры, 2026 жылдан бастап әлемдік доданың финалдық кезеңіне екісі кем 50 команда қатысатыны нақты шешілді.

Жарыс форматы мынадай: 48 құрама 16 топқа үш-үштен бөлінеді. Әр топтан нәтижесі жақсы 2 құрама плей-офф кезеңіне шығады. Ұпайлар тең болған жағдайда мәселе көп туындамауы үшін топтық турнирде тең ойындар есепке алынбауы мүмкін, яғни ойын соңындағы пенальтилер саны артуы ғажап емес.

Қазір 32 финалист барлығы 64 ойын өткізіп жүрген болса, 48 құрама 80 кездесу өткізеді. Бірақ финалға шыққан командалар үшін ойын саны бұрынғыдай – 7. Жарыс бір күнге ұзарады, яғни 32 күн ішінде өтіп бітеді.

Әрине, мұның бәрі Халықаралық футбол федерациясының чемпионаттан түсетін қаржыны арттыруға деген талпынысынан туындап отыр. 48 команда қатысқан жағдайда әр чемпионаттан қосымша 680 млн доллар пайда түседі екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу