Аустралияның Брисбен қаласында Билли Джин Кинг кубогының іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы корт иелерімен екінші кездесуінде Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина дүниежүзілік рейтингіде 61-орында тұрған Кимберли Бирреллмен кездесті.
Бірінші партияда аустралиялық спортшы брейк жасап, 3:1 есебімен алға шықты. Бірақ осыдан кейін Рыбакина қатарынан бес геймді алды – 6:3. Екінші сетті де сәтті бастаған Биррел 5:1 есебімен алға кетті. Дегенмен Елена табандылық танытып, таразы басын теңестірді – 5:5. Содан кейін тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:4).4.
Осылайша, Қазақстан құрамасы 2:0 есебімен алға шығып, мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Рыбакина Қазақстан сапында 10 матч өткізсе, соның 8-ін жеңіспен аяқтады.
Жұптық сында Анна Данилина Жібек Құламбаевамен бірге Сторм Хантер – Эллен Переспен кездесті. Өкінішке қарай қазақстандық теннисшілер аустралиялық қарсыластарына 3:6, 4:6 есебімен жеңіліс тапты. Соған қарамастан құрамамыз жалпы есепте 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін жекелей сында Юлия Путинцева жеңіске жеткен болатын.
Ертең, 11 сәуір күні Қазақстан құрамасы Колумбиямен сынға түседі. Матчтар Қазақстан уақыты бойынша таңғы сағат 07:00-де басталады.