Шотландияның Глазго қаласында өтетін командалар арасындағы әлем чемпионатының топтық кезеңі – Билли Джин Кинг кубогына қатысатын Қазақстан әйелдер құрамасының теннисшілерінің есімдері белгілі болды.
Ярослава Шведова бастаған Қазақстан құрамасының бапкерлер штабы келесі ойыншыларды таңдады: Елена Рыбакина (26-шы WTA), Юлия Путинцева (WTA рейтингінде 47-ші), Анна Данилина (WTA жұптық сайыс бойынша рейтингте 21-ші) және Жібек Құламбаева (WTA жұптық сайыс бойынша 189-шы орында).
Қазақстан құрамасы С тобына түсті. 8 қарашада еліміздің ең мықты деген теннисші қыздары корт қожайындары Ұлыбританиямен, ал 9-қарашада Испаниямен ойнайды. Матчтар "Emirates Arena" спорт кешенінің жабық кортында өтеді.
Айта кетейік, 12 команда: Ұлыбритания, Қазақстан, Аустралия, Бельгия, Канада, Чехия, Италия, Польша, Испания, Словакия, Швейцария, АҚШ құрамалары төрт топқа бөлініп, әр топтың жеңімпаздары жартылай финалға жолдама алады. Әлем чемпионатының финалы 13 қараша күні өтеді.
Ермұхамед Мәулен