Әлем чемпионатынан тікелей қазақ футболына

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2722

Бірнеше күн бұрын ғана ХХІ әлем чемпионатында Бразилия құрамасына қарсы ойнаған серб қорғаушысы Антонио Рукавина қазақ футболына келді.

Әлем чемпионатынан тікелей қазақ футболына

Футболдан Қазақстан чемпионатында жазғы трансфер кезеңі 4 шілде күні ашылған. Енді чемпионаты мен біріншілігінде өнер көрсететін клубтарымыз осы айдың аяғына (31-іне) дейін құрамдарына жаңа футболшылар тіркеп, өздеріне қажет емес (немесе басқа ұжымға ауысқан) ойыншыларын команда сапынан шығарып тастай алады. Әрі биылғы ауыс-түйіс аса жоғары қарқында басталды.

Біраз командалар жазғы трансфер кезеңінің ашылуын тосып та жүрсе керек. Алғашқы екі күнде-ақ жаңа ойыншыларын тіркеп, қайсыбір футболшыларымен еңбек келісімдерін үзіп, абыр-сабыр болды. Солардың арасында көрші елде өтіп жатқан әлем чемпионатына қатысып, топтық кезеңде екі ойын өткізген бір қорғаушы да бар.

Нақтырақ айтар болсақ, Сербия құрамасының оң қапталдағы қорғаушысы Антонио Рукавина енді "Астананың" намысын қорғайтын болады. Ол ХХІ әлем чемпионатында Коста-Рика және Бразилия құрамаларымен өткен матчтарда алаңға шыққан. Ал сербтердің өз топтарында үш ұпаймен үшінші орынға ие болып, плей-офф сатысына шыға алмағанын білесіздер.

Сөйтіп маусым айының аяғында өткен Сербия – Бразилия матчында Неймармен "құшақтасып" жүрген, "пентакампеондардың" жойқын шабуылдарына төтеп беруге тырысқан Рукавина Астанаға келіп, еңбек келісіміне қол қойды. Негізі, қорғаушы мен клуб әлем чемпионатына дейін келісіп, сөз байласқан көрінеді.

Жалпы, "Астана" құрамын тағы бір легионермен толықтырды. Әзірбайжан азаматтығын алған, Бразилия футболшысы Ричард Алмейда да енді елорда клубының намысын қорғайтын болады. Бұл ойыншы 2012 жылдан бері "Карабах" клубын алға сүйреген болатын. Алдағы уақытта "Астананың" ойынын үйлестіріп, шабуылын ширатып отыруға тырысады.

Есесіне, "Астана" Беларусь қорғаушысы Игорь Шитовпен қоштасты. Еңбек келісімінің мерзімі түгесілген екен, ал клуб оны әрі қарай ұзартпады. Сонымен қатар, Патрик Твумаси де елорда командасы сапында қалмайтын сияқты. Ел чемпионы ресми түрде ешқандай мәлімет таратпағанымен, ҚР Кәсіпқой футбол лигасы Гана аяқдопшысының өздеріндегі тізімнен (тіркеуден) алынып тасталғандығын жариялады.

"Қайрат" та құрамын екшеуге көшті. Венгриядан Мартон Эппель деген шабуылшыны алды. "Ақжайықтың" сапында гол соғуға икемі бар шабуылшы екенін дәлелдеген Адеринсола Эсеола да Алматы клубына ойысты. Беларусь қорғаушысы Сергей Политевич те Алматы клубымен еңбек келісімне қол қойды. Осыған орай, екі шабуылшы (Чума Анене мен Уго Сильвейра) "легионерлер орнын босатады, командадан кетеді" деген сыбыс тарап кеткен. Алайда Алматы клубы ресми түрде жариялаған жоқ. Бірақ екі шабуылшы да Кәсіпқой футбол лигасында команда тізімінен шығарылды.

Енді, Қазақстан премьер-лигасындағы соңғы ауыс-түйістермен толығырақ таныс болыңыздар:

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу