Әлем чемпионатында ең көп гол соққан қазақ

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3825

Бендиден Хабаровскіде аяқталған әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының капитаны Рауан Исалиев 21 гол соқты.  

Әлем чемпионатында ең көп гол соққан қазақ

Хабаровскіде бендиден (допты хоккейден) ХХХVІІІ әлем чемпионаты аяқталып, Қазақстан құрамасы жүлделі орынға бір сүйем жетпей, төртінші орынды иеленді. Қола жүлде үшін өткен шешуші матчта Финляндия бендишілеріне есе жіберіп алды.

Жалпы, 2018 жылғы әлем чемпионатын Қазақстан бендишілері "В" тобында бастады. Басқаша айтқанда, бұл деңгейі сәл төмендеу төрттік еді. Рауан Исалиев бастаған бендишілеріміз деңгейлері бұл топтағы командалардан әлдеқайда жоғары екендігін дәлелдеп шықты. Қарсыластарын қирата жеңіп, үстемдік таныты.

Атап айтқанда, Ілияс Хандаев жаттықтыратын жігіттеріміз Венгрия құрамасын 29:0, АҚШ бендишілерін 14:1, ал Германия жігіттерін 17:2 есебімен ойсырата жеңіп, "В" тобында бірінші орынға ие болды. Үш ойындағы доп айырмасы 60-3 болды. Сөйтіп, ширек финалда "А" тобының осал командасымен ойнау мүмкіндігіне ие болды.

Атап айтқанда, кіл мықтылар арасында 4-орын алған Норвегия құрамасымен кездесіп, 6:1 есебімен басымдық танытты. Ал жартылай финалда азуы алты қарыс Швеция бендишілерімен тайталасып бақты. Десек те, 4:5 есебімен ұтылып, финалға шыға алмады.

Ал үшінші орын үшін өткен матчта Финляндия құрамасынан 4:8 есебімен жеңіліп қалды. Сірә, жартылай финалда көп күш жұмсап, титықтап қалған сияқты. Әрі финдер де сауатты тактика қолданып, біздің құраманың жойқын шабуылына төтеп беру үшін қорғаныстарын күшейтіп, айлаларын асырды.

Финалда әдеттегідей Швеция және Ресей құрамалары кездесіп, мұзайдын иелері, яғни ресейліктер 5:4 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп, орыс бендишілері алтын, шведтер күміс, ал финдер қола медаль еншіледі. Жоғарыда жазғанымыздай, Қазақстан құрамасы 4-орынға ие болды.

Финалдық ойыннан кейін әлем чемпионатының үздіктері марапатталды. Қазақстан құрамасының қақпашысы Андрей Рейн "2018 жылғы әлем чемпионатының таңдаулы құрамасы" сапына ілікті. Ал құрама капитаны және сұрмергені Рауан Исалиев 21 голмен әлем біріншілігінің ең үздік мергені атанды.

Хабаровскідегі ХХХVІІІ әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы мына құрамда өнер көрсетті:

қақпашылар – Андрей Рейн ("Динамо" Мәскеу), Нариман Тақыров ("Ақжайық", Орал);

қорғаушылар – Денис Максименко ("Старт"), Максим Рязанов ("Волга"), Анатолий Голубков ("Зоркий"), Иван Козлов, Роман Сухоруков (екеуі де – "Водник");

жартылай қорғаушылар – Ескендір Нұғманов ("Хёвик", Норвегия), Сұлтан Қадіржанов ("Ақжайық"), Василий Жәукенов ("Кузбасс"), Руслан Галяутдинов ("Волга"), Дмитрий Завидовский ("Зоркий"), Антон Храпенков ("Каликс"), Артём Вшивков, Евгений Леонов (екеуі де – "Сибсельмаш");

шабуылшылар – Рауан Исалиев ("Сибсельмаш"), Максим Өтепәлиев ("Ақжайық"), Виктор Чернышёв ("Енисей").

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу