Шайбалы хоккейден 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионаты жоғары дивизионында сынға түскен Қазақстан құрамасы сапында үздік ойыншылар анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мұндай марапатқа Кирилл Ляпунов, Аслан Жүсіпбеков және Владимир Никитин ие болды.
Қазақстандық хоккейшілер әлем чемпионатында B тобында ойын көрсетті. Топтық кезеңде олар Швециядан 0:8, Чехиядан 2:14, Швейцариядан 4:5, Словакиядан 1:3 есебімен жеңіліп, плей-офф сатысына шыға алмай қалды.
Ал жоғары дивизионда орнын сақтап қалу үшін өткен ойында Германияға 3:4 есебімен жол берді.
Енді қазақстандық хоккейшілер алдағы жылы бірінші дивизионда сынға түседі.
Сондай-ақ, жоғары дивизионында жартылай финалға шыққан құрамалар анықталды.
Ширек финалдағы ойындарда Швеция құрамасы Латвияны 3:2, Финляндия Словакияны 5:3, АҚШ Швейцарияны 7:2, Чехия Канаданы 4:3 есебімен тізе бүктірді.